Орынбасар Дәуренбекова: «Халықаралық турнирлерде қателіктерді көреміз»

Орынбасар Дәуренбекова: «Халықаралық турнирлерде қателіктерді көреміз»

10 қаңтар 2020, 11:20
17 жасқа дейінгі Қазақстан қыздар құрамасының аға жаттықтырушысы Орынбасар Дәуренбекова Қазақстан Футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында 2019 жылды қорытындылап, 17 жастағы қыздар арасындағы Қазақстан Чемпионатына баға берді:

- Орынбасар Амангелдіқызы, 2019 жылды қорытындылап өтсеңіз? 

- Еуропа Чемпионатының іріктеу ойындарына дайындықты сәуір айында Талғарда бастадық. Оқу-жаттығу жиынын Алматы қаласынының «Жас Қыран» командасымен кездесіп, 4:1 есебімен жеңіске жеттік. Мамыр айында Минск қаласында өткен УЕФА Даму Кубогы халықаралық жарысына қатысып, үш ойын өткіздік. Алғашқы ойында алаң иелеріне есе жібердік (2:4). Әрі қарай Фарер аралдарын ұттық (2:0). Соңғы ойныда Әзірбайжан құрамасымен 0:0 есебімен тең түсіп, матч соңындағы пенальти сериясында жолымыз болмады - 3:4. УЕФА Даму Кубогында үшінші орынға ие болдық. Халықаралық турнирлердің маңызы зор. Команданың әлсіз тұстарын көруге мүмкіндік болады. Әрі қарай сол бағытта жұмысты жалғастырамыз. 

- 17 жасқа дейінгі қыздар арасында Қазақстан Чемпионатының деңгейі туралы не айтасыз? Өзгеріс енгізгіңіз келе ме?

- Біздің селекциялық жұмысымыз 17 жасқа дейінгі қыздар арасында Қазақстан Чемпионатының ойындарын қарау арқылы жүргізілді. 2019 жылы жарысқа алты команда қатысып, төрт кезеңнен тұрды. Жаңа маусымда командалардың саны артқанын қалаймын. Алайда, турнирдің форматын сақтап қалғым келеді. 

- 2019 жылы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінде Польша, Венгрия және Болгария құрамаларына қарсы ойнадыңыздар. Деңгейі жоғары қарсыластарға қарсы тұру қаншалықты қиын?

- Үш құраманың да физикалық дайындығы мықты. Польша құрамасының футболшылары Германия Чемпионатында ойнайды. Әр ойыннан тәжірибе жинаймыз. Біздің футболшылар қарсыластың қарқынына төтеп бере алмайды. 
 
- Келесі іріктеу кезеңінің қарсыластары белгілі. 2020 жылдың күзінде Дания, Швейцария және Словакия құрамаларымен ойнаймыз. Қарсыластар туралы не айтасыз? 

- Үш құраманың да деңгейі мықты. Физикалық даярлығы мен тәртібі жоғары. Сонымен қатар, әуедегі доптарға жақсы таласады.  Біздің футболшылар үшін теңдесіз тәжірибе болары сөзсіз. 

Бөлісу
Жоғары