Рәзия Нүркенова: «Біздің футболшылар қарсыластардың ойын ырғағына ілесе алмайды»

Рәзия Нүркенова: «Біздің футболшылар қарсыластардың ойын ырғағына ілесе алмайды»

05 қаңтар, 10:58
Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Рәзия Нүркенова Қазақстан Футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында 2019 жылғы футбол маусымын қорытындылап, 2021 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінің ресми ойындарына дайындық барысында туындаған қиындықтар туралы айтып берді: 

- 2019 жылды қорытындылап өтсеңіз? 

- Дайындық Түркияда өткен оқу-жаттығу жиынынан басталды. «Antalya Cup» халықаралық турниріне қатысып, бірнеше ойын өткіздік. Сонымен қатар, 2019 жылы төрт ресми кездесуге қатыстық. Өз алаңымызда Франция және Сербия құрамаларын қабылдап, сырт алаңда Македония және Австриямен ойнадық. Ұлттық құраманың негізі өткен маусымға дейін ойнап келген футболшылардан тұрды.

- 2021 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінің ойындарына дайындық барысында қандай қиындықтар болды? 

- Басты мәселенің бірі - ел чемпионатының деңгейінің төмендігі. Командалар мен ойындардың саны аз. Сол себепті футболшылардың кәсіби деңгейі өспейді. 2021 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінде біздің футболшылар қарсыластардың ойын ырғағына ілесе алмады. Сербия және Франциямен өткен ойындардың алғашқы таймын тең аяқтап, үзілістен соң күш жетпегенін айтқым келеді.  

- Қай ойын ұнады? 

- Әр ойыннан тәжірибе жинауға ұмтылдық. Шымкентте Сербиямен өткен ойынды атап өткім келеді. Бұл ойында футболшылар барлық техникалық және тактикалық талаптарды орындады. Алайда, гол соғатын сәттерді пайдала алмады. Әлемнің үздік командаларының бірі Франциямен болған ойында біздің қыздар ұйымшылдық танытты. Сонымен қатар, жанкүйерлердің қызу қолдауын да айтқым келеді.

- Жаңа жылға жоспар қандай?

- 2020 жылы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінің ойындарын жалғастырамыз. Македония мен Австрия құрамаларын қабылдап, сырт алаңда Сербия және Франциямен ойнаймыз. Жаңа жылда жаңа командалардың пайда болып, жаңа ойыншылардың ашылғанын қалаймын. 2019 жылы біздің қыздарымыз көп жарақат алды. Келесі маусымда жарақаттар аз болсын.   

- Жанкүйерлерге айтар тілегіңіз?

- Барша қазақстандықтарды Жаңа 2020 жылмен құттықаймын! Денсаулық, отбасылық береке және қайталанбас жарқын сәттер тілеймін!

Бөлісу
Жоғары