Константин Горовенко – Қазақстан жастар құрамасының жаңа аға жаттықтырушысы

Константин Горовенко – Қазақстан жастар құрамасының жаңа аға жаттықтырушысы

11 қаңтар 2024, 17:37
Танымал қазақстандық маман Константин Горовенко 21 жасқа дейінгі Қазақстан құрамасының бас бапкері болып тағайындалды.

Горовенко футболшы кезінде «Қайрат», «Қайнар», «Жеңіс», «Алма-Ата», «Сұңқар», «Мегаспорт» сынды клубтарда ойнаған. 2000-2001 жылдары Қазақстан құрамасының намысын қорғап, 6 кездесу өткізіп, 3 гол соққан.

Бапкерлік мансабын «Сұңқар» ФК бас бапкерінің көмекшісі болып бастады. Ол сондай-ақ «Қайрат» ФК жастар командаларында жұмыс істеді. 2017 жылы Горовенко дебюттік маусымында алматылық клубтың фарм-командасын Қазақстан Бірінші лигасының қола жүлдесіне алып келді.

2018-2020 жылдары «Жетісу» ФК екінші командасын жаттықтырған.

2020 жылы Қарағандының «Шахтерын» баптады. Сол маусымда Горовенконың жетекшілігімен кеншілер Премьер-лигада төртінші орын алып, еурокубок жолдамасын жеңіп алды.

2021 жылы «Мақтаарал» ФК бас бапкері болып тағайындалды. Команда Бірінші лиганың күміс жүлдегері атанып, Премьер-лигаға жолдама алды.

Горовенко сонымен қатар «Атырау» және «Каспий» клубтарын жаттықтырған.

Айта кетейік, Константин Горовенкоға Қазақстан құрамасының бұрынғы қорғаушысы Елдос Ахметов көмектеседі. Толық жаттықтырушылар штабы кейінірек жасақталады.

Қазақстан футбол федерациясы Қайрат Нұрдәулетов бастаған жаттықтырушылар штабына атқарған жұмыстары үшін алғыс айтып, алдағы кәсіби мансабында сәттілік тілейді.

Бөлісу
Жоғары