Жезқазған және Балқаш стадиондарының футбол алаңдарын жаңарту жоспарға қойылды

Жезқазған және Балқаш стадиондарының футбол алаңдарын жаңарту жоспарға қойылды

27 сәуір 2024, 11:43
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов Жезқазған және Балқаш қалаларына іссапармен барды.

Жезқазғанның «Металлург» стадионында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы және облыстық футбол ассоциациясының президенті Ғалым Нұржановпен кездесті. Бүгінде «Металлург» стадионында «Ұлытау» командасы Бірінші лига матчтарын қабылдайды. Сонымен қатар жергілікті жас футболшылардың барлығы жаттығу жасап жүр.

2022 жылы Қазақстан футбол федерациясы мен Ұлытау облысы әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын. ҚФФ басшысы әкімдіктің қолдауымен облыстық футбол ассоциациясының аз уақыттың ішінде атқарған жұмысын жоғары бағалады. Кездесуде  стадионның алаңын жаңарту мәселесі көтерілді. ҚФФ президенті өңірде футбол ойнайтындардың саны тез өскенін ескеріп, жасыл алаңды жаңарту үшін жан-жақты қолдау көрсететінін мәлімдеді.

Өз кезегінде Әділет Барменқұловтың бұрынғы әріптестері аймақты аралап, футбол төңірегіндегі мәселелерді талқылауға шақырды. Бүгінде өндіріс алаңында футбол ең кең таралған спорт түрі болып саналады. Әділет Барменқұлов 10 жылдан астам уақытын еліміздегі ең ірі тау-кен металлургия кәсіпорнына арнаған болатын. Ұзақ жылдар бойы өмірін өндіріске арнаған аймақтың тіршілігімен тыныстап, еңбек етті. Сол себепті металлургтер мен кеншілердің ауыр жұмысы мен еңбек жағдайынан жақсы хабардар. Еңбек адамы үшін отбасымен бірге бос уақытын пайдалы өткізу әрдайым негізгі бағыттардың бірі болып саналады.

Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаевпен кездесу жергілікті «Металлург» стадионында өтті. Бұл стадионның алаңы 2007 жылы төселген. Одан бері Премьер-лиганың бірнеше ойыны да өткен. Қаладағы футбол жарыстарын қабылдайтын жалғыз спорт кешені «ALAN» бағдарламасына қатысуға өтініш қалдырған. Сол себепті ҚФФ президенті Балқаш қаласындағы «Металлург» стадионының жасыл алаңын «ALAN» жобасы бойынша жаңарту мүмкіндігін қарастыратынын айтты. Сонымен қатар футбол тақырыбы Балқаш мыс балқыту зауытының жұмысшыларымен өткен кездесуде де қозғалды.

Бөлісу
Жоғары