ҚФФ мен inDrive балалар футболын бірге дамытады

ҚФФ мен inDrive балалар футболын бірге дамытады

07 маусым 2024, 14:04
Астанада Қазақстан футбол федерациясы мен inDrive компаниясының Қазақстанда бұқаралық балалар спортын дамытуға бағытталған коммерциялық емес Supernovas футбол жобасы арасында ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Меморандумға Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов пен inDrive компаниясының негізін қалаушы Арсен Томский қол қойды. Тараптардың ынтымақтастығы балалар арасындағы футболдың дамуына әсер етеді. 

Ынтымақтастықтың негізгі мақсатына UEFA-ның «D» және «C» лицензиясын алу үшін бапкерлік курсын өткізу, сондай-ақ коммерциялық емес Supernovas футбол жобасы аясында Қазақстанның алыс шалғайындағы ауылдар мен қалалардағы балаларды футболға баулу жатады. Қос тараптың өкілдері түрлі іс-шаралар, конферения мен семинарларға қатысады. 

«Бұл серіктестікті еліміздегі балалар футболының дамуына үлкен қадам деп білемін. inDrive компаниясымен серіктес атанғанымызға қуаныштымыз және бұл серіктестік бұқаралық деңгейде футболды дамытуға жағдайды жақсартуда өз жемісін беретініне сенімдімін», – деді Әділет Барменқұлов.

«inDrive үшін әділетсіздікпен күресіп, шалғайдағы ауыл-аймақтың балаларына спортпен шұғылдануға мүмкіндік беру өте маңызды. Біздің Supernovas жобамыз ойыннан ләззат алып, қауіпсіз және қолдауға толы ортада дамуға бағытталған. Қазақстан футбол федерациясымен жемісті серіктестігіміздің басталуына асыға күтеміз», – деп атап өтті Арсен Томский.

Supernovas жобасы Қазақстанның барлық аймағынан келіп түскен өтінішті қабылдап, жақын уақытта жаңа локациялар жайлы хабарлайды. 2022-2023 жылдары inDrive жоба аясында Қазақстанның тоғыз қаласында, нақтырақ айтқанда: Жәнібек (БҚО), Зеренді (Ақмола облысы), Ұлытау (Ұлытау облысы), Алтай (ШҚО), Благовещенка (СҚО), Талғар (Алматы облысы), Шалқар (Ақтөбе облысы), Ынтымақ (Түркістан облысы), Форт-Шевченкода (Маңғыстау облысы) футбол секцияларын ашты.

Бөлісу
Жоғары