Станимир Стоилов: «Алғашқы үш ойында біздің жолымыз болмады»

Станимир Стоилов: «Алғашқы үш ойында біздің жолымыз болмады»

17 қазан, 00:25
Матч соңындағы баспасөз мәслихатында Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов журналистердің сауалдарына жауап берді:

- УЕФА Ұлттар лигасының алғашқы үш ойынының нәтижесіне көңіліміз толмағаны рас. Бүгін ойын да, нәтиже де болды. Ойын нәтижесіне қарамай команданың даму жолын жалғастыру қажет деп ойлаймын. Алғашқы үш ойында біздің жолымыз болмады. Алайда, бүгін барлығы басқаша болды. Келесі кездесулерде де командадан жақсы ойын күтеміз.

- Екінші таймда Андорра құрамасының бапкерімен сөйлестіңіз. Қандай тақырыпта әңгіме болды?

- Андорра құрамасының тарапынан ойын ережесінің жиі бұзылып жатқанын айттым. Төреші ескерту жасамады. Андоррада өткен ойында Серікжан Мужиков екі рет ереже бұзып еді, бірден алаңнан қуылды. Төрешілердің жұмысы туралы айтқым келмейді. Бұл тек екі бапкердің әңгімесі.

- Бірінші таймда екі гол соғылғаннан кейін, кездесудің екінші бөлігіне қандай жоспар құрылды?

- Жоспарды жиі ауыстырмаймын. Ойынды жалғастырып, допқа толықтай бақылау орнатуға ұмтылдық. Қонақтар уақыт созып, допты ойынға асықпай қосты. Біздің футболшылар жылдам қимылдады. Ойынның 60-минутынан кейін ойын жылдамдығы қайта үдей түсті.

- Бауыржан Исламхан өз позициясында ойнаған жоқ. Бүгінгі ойында сол қапталда ойнады. Осы жүйе жалғасын таба ма?

- Бұл жүйені Андоррада ойластырған едік.  Өйткені, қаптал арқылы нәтижеге қол жеткізуге болады. Шеберлігі жоғары футболшы қажет болды. Бүгін Бауыржан Исламхан жақсы ойнап, нәтижелі пас шығарды. Андорра құрамасының қорғаушыларын алдау Бауыржан үшін қиынға соқпады. Ең бастысы футболшылардың келесі ойынға дайын болуы.

- Бактиер Зайнутдиновті не үшін ауыстырдыңыз?

- Оның ойыны мен ниеті мені толықьай қанағаттандырды. Аздап жарақат алды. Футболшының денсаулығы маңызды. Сол үшін тәуекелге бармадым. Өйткені, алда әлі де ойындар көп.

- Бүгінгі кездесудегі төрт голды Андоррада өткен алғашқы ойынның жеңісіне ауыстырар ма едіңіз?

- Өкінішке қарай, өткен жағдай қайтып оралмайды. 2-3 голды бірден Грузияға қалдырар едім (күліп...). Мен үшін қиын ойындардан кейін жеңіске жету маңызды. Жақсы ойын болды. Алғашқы ойында болған қателік он жылда бір рет болатын жағдай. Андоррада жасыл алаңның сапасы нашар болды. Сонымен қатар, қарсыластың қорғанысы да мықты. Бүгін біз жеңіске жеттік. Барлықтарыңызды жеңіспен құттықтаймын!

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары