Алматыда «Жас қыран» футбол орталығы ашылды

Алматыда «Жас қыран» футбол орталығы ашылды

20 қазан, 13:00
Бүгін Алматыда балалар мен жасөспірімдерге арналған «Жас қыран» футбол орталығы ресми түрде ашылды.

Ашылу рәсіміне Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек болды. Сонымен қатар, Құралбек Ордабаев, Евстафий Пехлеваниди, Михаил Гурман, Вахид Масудов және басқа да танымал футбол ардагерлері қатысты.

Футбол орталығы Алматы қаласының әкімдігі және «Жас қыран» балалар мен жасөспірімдер футбол орталығының бастамасымен салынды. Маусым айында басталған құрылыс жұмыстары жоспарланған мерзімінде аяқталды.

Оқу-жаттығу кешенінде 800 орындық жабық трибуна бар. ФИФА сертификаты бар жасанды алаң төселген. 500-ге тарта бала ең қолайлы жағдайда тегін жаттығуға мүмкіндік алады.

«Жас қыран» футбол орталығының жетекшісі Берік Қаниев ашылу рәсімінде жобаның дамуы мен балаларды жаттықтыратын бапкерлердің біліктілігін кезең-кезеңімен арттыру бағытына тоқталды. Орталықта 25 маман жұмыс атқарады.

Әділбек Жақсыбеков футбол орталығына жоғары баға беріп, келешекте «Жас қыранның» түлектері ел құрамасының намысын қорғайды деген үмітін жеткізді.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары