Александр Москаленко: «Македониямен ойын алты ұпай үшін өтеді»

Александр Москаленко: «Македониямен ойын алты ұпай үшін өтеді»

15 қазан, 00:27
Қазақстан жастар құрамасының аға жаттықтырушысы Александр Москаленко Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында команда сапындағы өзгерістерге тоқталып, қарсыластың деңгейін бағалады.

- Македониямен ойынға дайындық қалай?

- Дайындық жоспар бойынша өтуде. 7 қазан күні Талғарда жиналып, 12 қазанда Македонияға жол тарттық. Талғарда бескүндік оқу-жаттығу жиынын өткіздік. Скопьеге ертерек келдік. Өйткені, жергілікті жағдайға бой үйрету маңызды болды.

- Македония құрамасы іріктеу кезеңінде екі ойын өткізді. Олар да Қазақстан сияқты Фарер аралдары мен Черногорияны жеңді. Македонияның ойынын зерттей алдыңыз ба? Өйткені, командалар іріктеу кезеңіне жаңа құраммен қатысуда.

- Әрине, ойындарын қарап, талдау жасадық. Македония біздің топта бірінші орында келеді. Еуропалық футбол ойнайтын команда. Ойыншыларының дене даярлығы мықты. Сонымен қатар, техникалық шеберлігі де жоғары. Біздің қарсыласымыз екі түрлі ойын ойнады. Ең алдымен өз алаңында Фарер аралдарының құрамасы 7:1 есебімен ойсырата ұтты. Екінші ойынды сырт алаңда Черногория құрамасымен өткізді. Тартысты ойын болды. Осы жылдың наурыз айында Македония құрамасын Түркияда өткен «Antalya Cup 2019» халықаралық турнирінде көрген едік. Міне, енді олар топтың көшбасшысы. Алдағы ойын алты ұпай үшін өтеді деп ойлаймын. Екі команда да ұпай жоғалтқысы келмейді. Оның үстіне Македония өз алаңында ойнайды. Біз соңғы екі ойынды сәтсіз өткіздік. Сол себепті жанкүйерлер алдында жақсы нәтиже көрсету қажет.

- Түркиядағы турнирден кейін Македонияға құрамасы қатты өзгерді ме?  

- Жоқ, қатты өзгермеді. Түркияда Македония құрамасының екінші құрамы болды. Ойын үлгісі мен батыл қимылы өзгермеген. Сонымен қатар, футболшылары жылдам қимылдайды. Еуропалық футбол үлгісін ұстанады.

- Швырев және Оразовқа қатысты жағдайды түсіндіріп өтсеңіз. Олар командадан не үшін кетті?

- Вячеслав пен Рамазан жаттығу жиынында теорияға қатыспады. Теория – дайындықтың маңызды бір бөлігі. Олармен сөйлесіп, үйлеріне қайтардық. Ең бірінші – тәртіп. Бұл жағдай қалғандарына сабақ болғанын қалаймын. Швырев пен Оразов командаға қажет. Олар енді мұндай қателікке бармайды деп үміттенемін.

- Негізгі құрамның бірқатар ойыншысы кездесуге қатыса алмайды. Ойынға әсерін тигізе ме?

- Қорғаушы Нұралы Әліп ескертулер санының артықтығына байланысты алаңға шықпайды. Испаниямен өткен ойында Сағадат Тұрсынбай жарақат алған болатын. Ем-домы жалғасып жатыр. Акмаль Бақтияровтың тамағы ауырып қалды. Барлық командаға жұқтырмау үшін оны үйіне жібердік. Өкіншке қарай, маңызды ойыншылар ойынға қатыса алмайды.

- Қайыркенов пен Кеңесов жастар құрамасына алғаш рет шақырту алды. Сонымен қатар, командада әлі ойнамаған бірнеше футболшы бар. Македониямен ойында олардың алаңға шығуға мүмкіндігі бар ма?

- Премьер және Бірінші лиганың әр турын қадағалауға тырысамыз. Ойын статистикасына назар аударамыз. Оқу-жаттығу жиынына ойын сапасы жоғары футболшылар шақырылды. Арман Кеңесов соңғы екі ойыны керемет өткізді. Оны назардан тыс қалдырмау керек болды. Сонымен қатар, Жасұлан Қайыркенов әр ойын сайын қосып келеді. Тірек аймағында жақсы ойнайды. Кейбір футболшылардың ойын тәжірибесі жоқ. Алайда, кез келген футболшының ойынға қатысуға мүмкіндігі бар.

Бөлісу
Жоғары