ҚФФ Бас хатшысы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің видеоконференциясына қатысты

ҚФФ Бас хатшысы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің видеоконференциясына қатысты

14 шілде 2020, 13:34
Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Азамат Айтқожин еліміздегі эпидемиологиялық жағдайға мен карантиннің спорт жарыстарына тигізетін әсері жөнінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жетекшілері өткізген видеоконференцияға қатысты.

Азамат Айтқожин карантин шараларына байланысты футбол мен футзал турнирлерінің тоқтатылғанын және коронавирус инфекциясының таралуына қарсы шаралар жағдайында ойындарды өткізу бойынша арнайы бекітілген хаттамаға сәйкес жарыстарды қайта жалғастыру жоспарларын айтып берді. Аталған құжат спорт нысандарының санитария нормаларының қатаң сақталуын қадағалайтын жол картасы болмақ.

Тараптар елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты балалар мен жастар арасындағы футбол жарыстарын қайта жалғастыру мүмкін емес деген пікірге тоқталды. Олардың арасында Екінші лига командалары арасындағы ҚР Біріншілігі бар. Өйткені, бұл турнирге кәмелеттік жасқа толмаған ойыншылар қатысады.

Кәсіпқой жарыстар бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірге чемпионатты бір жерде өткізу жобасы талқыланды. Бұл арқылы инфекцияның таралуын қысқартуға болады. Қала арасында қатынас болмайды. Әр клуб таңдалған аймақта қонақүйге орналасып, ішкі карантин шараларына толықтай жауап береді.   

Бұл жоба OLIMPBET-футболдан Қазақстан Чемпионаты мен футзалдан Қазақстан Чемпионатының ойындарына қатысты болмақ.

Видеоконференция қорытындысы бойынша УЕФА Чемпиондар Лигасы және УЕФА Еуропа Лигасы халықаралық жарыстарына еліміздің төрт клубы қатысатынын, сонымен қатар, УЕФА Ұлттар Лигасындағы Қазақстан Ұлттық құрамасының алдағы ойындарына қатысты ҚР Денсаулық сақтау министрлігі және коронавирус инфекциясының таралуына қарсы күрес жөнінде мемлекеттік комиссияға өтініш жасады. Басты талап – футбол матчтарын жабық карантин режимінде спорт нысанына кіретін қызметкерлердің санын азайтып, ашық аспан астында өткізу болып отыр.

Видеоконференция аяқталғаннан кейін Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Азамат Айтқожин Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасы мен ҚФФ Төрелік ету және қадағалау департаментінің жетекшілерімен жұмыс жиынын өткізді. Жиында ойындарды бір жерде өткізу мәселелері қаралды.

Бөлісу
Жоғары