ҚФФ «Ордабасы» тәрбиеленушілеріне жаңа футбол алаңын сыйға тартты

ҚФФ «Ордабасы» тәрбиеленушілеріне жаңа футбол алаңын сыйға тартты

29 қараша 2023, 10:47
Қазақстан футбол федерациясы «ALAÑ» бағдарламасы аясында үшінші жаңартылған футбол алаңының тұсауын кесті. Шымкент қаласындағы «Ордабасы» футбол орталығының жастар командалары жаттығу өткізетін «Цементник» стадионында футбол алаңы жаңарды.

Салтанатты ашылу рәсіміне қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов, Қазақстан құрамасының бас бапкері Магомед Адиев және жоба серіктестері қатысты.

Айта кетсек, 2023 жылдың шілде айында ҚФФ бұқаралық спортты дамытуға бағытталған Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында «ALAÑ» атты елімізде футбол алаңдарын қайта жаңарту бағдарламасын енгізді. 3 жылға арналған бағдарлама УЕФА-ның қолдауымен жүзеге асырылады. Жобаның бас серіктесі 1XBET букмекерлік компаниясы. Жобаның басты мақсаты – республикадағы спорт инфрақұрылымын дамытып, бұқаралық футболды дамытуға жағдай жасау.

«Стадионымыз қандай жағдайда болғанын, қазір қандай жағдайда екенін көріп отырсыздар. Ең соңғы үлгіде, Италияда кәсіби командалар жаттығулар өткізетін сапасы жағынан тура сондай алаң болып отыр. Ал, футбол қақпалары әлем чемпионаттарының талаптарына сәйкес орнатылған. Жастарымыз осы стадионда жақсылап жаттығып, әлемдік деңгейде өнер көрсететін футболшыларымыз көп шыға берсін», – деді Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков.

Сонымен қатар, қала басшысы Қазақстан футбол федерациясына алғыс білдіріп, алдағы уақытта осындай әлеуметтік жобалардың жүзеге асуына қолдау көрсететіне сенім білдірді. Жалпы, «ALAÑ» бағдарламасы аясында елімізде 20 футбол алаңдары қайта жаңартылады. Осыған дейін, жаңа алаңдар Ақтөбе қаласындағы №2 БЖСМ аумағы мен Жетісу облысының Балпық би ауылындағы Оңғаров атындағы стадионында пайдалануға берілген болатын.

«Бұқаралық футбол үшін қолайлы жағдай жасау біздің Қазақстан футболын дамыту стратегиямызда көрсетілген. Осы ретте, бүгін кезекті футбол алаңының тұсауын кестік. «ALAÑ» бағдарламасы тоқтамайды, алға қойған мақсаттарымыз көп. Жаңа футбол алаңдарын ауылдарда да саламыз. Спорттық инфрақұрылымды жақсарту футболдың дамуына серпін беретініне сенімдіміз», – деді ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.

Айта кетсек, ашылу салтанатынан бөлек, ұлттық құраманың бас бапкері Магомед Адиев жас футболшыларға ашық жаттығу өткізіп, Шымкент тұрғындарын «Ордабасы» клубының Қазақстан чемпионатында жеңіске жетуімен құттықтады. Сонымен қатар, іс-шараға келген қонақтарға ҚФФ сыйлықтар тарту етті.

Жоба бойынша қосымша ақпаратты alan.kff.kz сайтынан ала аласыздар

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары