Рәзия Нүркенова: Футболшылар оқу-жаттығу жиынында жақсы қырларын көрсетуге ұмтылды

Рәзия Нүркенова: Футболшылар оқу-жаттығу жиынында жақсы қырларын көрсетуге ұмтылды

29 қараша, 15:30
Қазақстан әйелдер құрамасының бас бапкері Рәзия Нүркенова Біріккен Араб Әмірлігінде өткен оқу-жаттығу жиынын қорытындылады:

- Рәзия Төлеуқызы, өткен аптада Біріккен Араб Әмірлігінде өткен оқу-жаттығу жиыны аяқталды. Дайындық барысында қандай жұмыстар атқарылды?

- Қазақстан әйелдер құрамасы 9-25 қараша аралығында Біріккен Араб Әмірлігінде жоспарланған оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жиынның басты мақсаттарының бірі маусымда жақсы қырынан танылған жаңа ойыншыларды, жас футболшылардың деңгейін қарау еді. Олардың арасында Александра Бурова, Әсел Көбесова, Айша Садықова, Арайлым Орынбасарова, Ангелина Портнова бар. Сонымен қатар, жаттықтырушылар штабы әйелдер арасындағы Әлем Чемпионатының іріктеу кезеңінен қорытынды шығару маңызды болды. Ойында жіберілген негізгі қателіктерді талдап, оларды болдырмаудың оңтайлы шешімдерін табуға тырыстық. Жаттықтырушылар штабы мен ойыншылар құрамы дайындық ұйымдастыруға көмектескен Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық Комитетіне алғыс білдіреді.

- Қазақстан әйелдер құрамасының қорғаушысы Мария Демидова ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында жаттықтырушылар штабының тактикалық дайындыққа көп уақыт бөлгенін атап өтті. Шәкірттеріңіз нақты қандай тапсырмаларды орындады?

- Команданың техникалық-тактикалық өзара әрекет ету жүйесіне баса назар аударылды. Қорғаныстағы ойынды ұйымдастыру, қос қаптал мен орталық алаң арқылы шабуылды бастау жаттығуларын жүргіздік. Айып добын орындау сәттерінде шабуыл мен қорғаныстағы әрекеттердің бірнеше нұсқасын қарастырдық.

- Оқу-жаттығу жиынында Біріккен Араб Әмірлігі әйелдер құрамасымен жолдастық матч өтті. Ойынға қойылған тапсырмалар орындалды ма?

- Оқу-жаттығу жиынында алға қойылған мақсаттардың барлығы орындалды. Біріккен Араб Әмірлігі құрамасымен өткен ойында футболшылар жаттығуда дайындалған тактикалық әрекеттерді қолдана алды. Кездесуде 1:0 есебімен жеңіске жеттік. Біздің команда көптеген қызықты комбинация ұйымдастырып, қарсыластың қақпасына бірнеше соққы бағыттады. Футболшылар бұл ойында жақсы қырларын көрсетуге ұмтылды.

- Маусымды қорытындылап өтсеңіз?

- Англия (ФИФА рейтингі - 3 орын), Уэльс (29 орын), Босния және Герцеговина (68 орын), Ресей (26 орын) құрамаларымен ойнап, біздің команда жақсы тәжірибе жинады. Қазіргі уақытта Қазақстан құрамасы ФИФА рейтингінде 71 орында тұр. Келесі маусымда 2021 жылы өтетін Еуропа Чемпионатының іріктеу турниріне қатысамыз. Қарсыластарымыз 2019 жылдың 22 ақпанында Швейцарияда өтетін жеребе тарту рәсімінде белгілі болады. Алдағы Еуропа Чемпионатының ойындарына кемшіліктерді жойып, жақсы дайындықпен келеміз деп ойлаймын. Қазақстандық футбол клубтары мен мектептердің жаттықтырушылары еліміздегі әйелдер футболын дамытып, әйелдер құрамаларының нәтижелерін жақсарту үшін тығыз байланыста жұмыс атқара бастағанын айтқым келеді.

Бөлісу
Жоғары