ҚФФ президенті футбол қауымдастығын Жаңа жылмен құттықтады

ҚФФ президенті футбол қауымдастығын Жаңа жылмен құттықтады

30 желтоқсан 2018, 18:17
Қазақстан футбол федерациясының Президенті Әділбек Жақсыбеков барша футбол жанкүйерлерін келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтады:

«Өтіп бара жатқан жыл қазақстандық футбол үшін маңызды әрі қызықты болды. 2018 жылы футболды дамыту үшін көп жұмыстар атқарылды. 25 сәуір күні отандық футболдың дамуына арналған төрт жылдық  стратегия таныстырылды. Инфрақұрылым, балалар мен жасөспірімер футболы, жаттықтырушылар корпусының біліктілігін арттыру, футзал, әйелдер футболы, төрешілер және басқа да көптеген маңызды бағыттар дамудың жаңа жолына түсті.

Еліміздің барлық өңірінде стадиондар мен жасыл алаңдар жаңартылып, әуесқойлар футболшылардан бастап кәсіби ойыншыларға дейін қолайлы жағдайда футболмен шұғылдануға мүмкіндік алды. Қазақстанның мыңдаған мектептерінде «Футбол сабағы» жобасы іске қосылды. Қазақстан футбол федерациясы бастап, ҚР Білім және ғылым министрілігі қолдаған жоба миллиондаған қыздар мен ұлдарға футболдың алғашқы қыр-сырын меңгеруге мүмкіндік береді.

Кез келген елде футболды дамытудың іргетасы саналатын, қарапайым халық қатысатын әртүрлі турнирлер мен жарыстар көптеп ұйымдастырыла бастады.

Кәсіби футбол да даму жолында. Премьер-лига, Бірінші және Екінші лига командалары арасындағы жарыстар жанкүйерлер арасында кең танымал. Отандық клубтар Еуропа ареналарында Францияның «Ренн», Голландияның «АЗ Алкмаар», Кипрдің АПОЭЛ, Данияның «Мидтьюлланд» және басқа командаларын ұтып, табысқа жетті.

«Үздік чемпионат – үздік құрама» ережесі футболы дамыған кез келген елде ұзақ жылдар бойы қолданылып келді. Андрей Аршавин, Педро Энрике, Марин Томасов, Исаэль, Карлуш Фонсека және т.б. сынды мықты легионерлермен бірге ойнау арқылы қазақстандық жастардың деңгейі арта түсетіні анық. 2018 жылы еліміздің бас құрамасының жаттықтырушылар штабы жолдастық және ресми ойындарда болашағынан зор үміт күттіретін көптеген футболшыларды ойынға қосты. Олардың арасында біздің құраманың келешегі Бактиер Зайнутдинов, Максим Федин, Еркебұлан Сейдахмет, Оралхан Өміртаев бар.

Жаңа жылда футбол жанашырларына жарқын жеңістер, зор денсаулық, ашық аспан мен отбасының амандығын шын жүректен тілеймін!

Қазақстан футбол федерациясының Президенті Әділбек Жақсыбеков

Бөлісу
Жоғары