Игита: «Қазақстан құрамасының жеңісі жеке жүлделерден маңызды»

Игита: «Қазақстан құрамасының жеңісі жеке жүлделерден маңызды»

18 қаңтар, 09:49
Футзалдан Қазақстан Ұлттық құрамасының қақпашысы Игита ҚФФ баспасөз қызметіне арнайы сұхбат берді:

- Қазақстан чемпионаты қалай өтуде?

- Жылдан жылға ішкі чемпионаттың деңгейі артып келеді. Жақсы қарсыластар бар.

- Чемпиондар лигасының төрттік финалына дайындық басталды ма?

- Жаңа жылдан соң негізінен физикалық дайындықтарды бастап кеттік. Нақты ойын кестесі анықталғаннан кейін нағыз әзірлік басталады. Өйткені, әр қарсыласқа жекелей дайындық қажет. Финалды үйде қабылдау арманымыз еді.

- Қазақстан Ұлттық құрамасының алдағы оқу-жаттығу жиынына бірқатар жас футболшы шақырылды. Жаңа ойыншыларға деген көзқарасыңыз?

- Соңғы жылдары Қазақстанда деңгейі жоғары жас футболшылардың қатары көбейді. Чемпионаттың қарқыны артып келеді. Елімізде футзалдың дамуын жалғастыра алатын ойыншылар бар. Жас футболшыларға қол ұшын беруге дайынмын.

- Қақпашы Салауат Байралиев те ұлттық құрамаға шақырылды?

- Ол шеберлігін мойындатып, бас бапкердің назарына ілікті. Ұлттық құрамада үздіктер ғана ойнайды.

- Оқу-жаттығу жиынында Хорватиямен екі жолдастық матч өтеді. Таныс қарсылас. Хорватия құрамасы туралы не айтасыз?

- Хорватия – өте мықты құрама. Олардың ойыншылары Испания мен Италия елдерінде ойнайды. 2016 жылғы Еуропа Чемпионатында тартысты матч болған еді. Ойын оңайға түспес. Алайда, жауапты сынақ пен теңдессіз тәжірибе екенін жасырмаймын.

- Әлемнің үздік қақпашысы атағын үш рет иелендіңіз. Құттықтаймыз! Қандай әсерде болдыңыз?

- Көп рахмет! Әлемнің үздігі болу – үлкен абырой! Атақты үшінші рет алғаныммен, алғаш рет иеленгендей қуандым. Әрқашан жақсы ойын көрсету үшін мақсат қоямын. Қазақстан құрамасы мен «Қайраттың» қатарында үлкен жарыстарға қатысып, қиын қарсыластарға тап болдық. Жеке жүлделердің маңызы зор. Дегенмен, Чемпиондар лигасы немесе Еуропа мен Әлем Чемпионаттарында топ жару он есе артық. Үшінші, төртінші рет атақты алуға болады. Алайда, Қазақстан құрамасы мен «Қайраттың» жеңісі маңыздырақ екенін айтқым келеді. 

Бөлісу
Жоғары