Михал Билек: «Алғашқы екі голды жаттығудағы дайындықтың арқасында соқтық»

Михал Билек: «Алғашқы екі голды жаттығудағы дайындықтың арқасында соқтық»

22 наурыз, 01:10
Қазақстан құрамасының ірі жеңісінен кейін бас бапкер Михал Билек матчтан кейінгі баспасөз мәслихатына қатысып, журналистердің сауалдарына жауап берді:

- Бүгін жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Жақсы бастадық. Алғашқы екі голды жаттығуда жасаған дайындықтың арқасында соқтық. Біз лайықты жеңіске жеттік деп ойлаймын.

- Есеп таңғалдырды ма?

- Мұндай нәтижені ешкім күткен жоқ. Бірақ, гол соқтық. Ойын барысында басқа да гол соғатын сәттер болды.

- Ең алдымен жас футболшыларды шығарып, таңғалдырдыңыз. Оның үстіне керемет жеңіс тіркелді. Қандай мақсаттарды алға қойдыңыз?

- Темірлан Ерланов бүгін Юрий Логвиненконы ауыстырды. Юрий Перцух пен Ян Вороговский өз командаларында жақсы ойнап, оқу-жаттығу жиынында ұлттық құрамаға ойнауға лайық екенін дәлелдей алды. Қалған футболшыларда жақсы дайындықпен келді.

- Атақты қарсыласты жеңдік. Ойыншыларды кездесуге қалай дайындадыңыз? Үзілісте не айттыңыз?

- Мұндай жеңістер күн сайын бола бермейді. Ойынға жақсы дайындалдық. Шотландия құрамасының өткен ойындарын қайта қарап шықтық. Олардың жылдам шабуылдарына мүмкіндік бермеу керек екенін жақсы түсіндік. Айып алаңымызға пас өткізбей, өз мүмкіндігімізді іздедік. Орталық алаңда ұйымшылдық танытып, жоғары қарқынды ұстауға ұмтылдық. Әдемі голдарды соқтық деп ойлаймын.

- Келесі ойын Ресеймен. Өте маңызды кездесу. Тағы да бес қорғаушымен ойнайсыз ба? Негізгі құрамның бұрынғы ойыншыларына мүмкіндік беріле ме?

- Шотландиямен ойынға дайындалдық. Ойын жүйесі осы матчқа арнайы құрылды. Ресеймен басқаша ойнаймыз. Бүгін алаңға шыққан футболшылар үмітті ақтады. Олардың жағдай қалай болатын бақылаймыз. Матч алдындағы жаттығудан кейін Ресеймен ойында алаңға шығатын футболшылар белгілі болады.

- 2012 жылы Еуропа Чемпионатында Чехия құрамасының бас бапкері болып, Ресейге 1:4 есебімен есе жіберген едіңіз. Қарымта қайтаруды қалайсыз да?

- Иә, есімде сол ойын. Келесі ойында жаңа командамен жеңіске жетемін деп ойлаймын.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары