Алмас Құлшынбаев: «Ойлау мен техникалық қабілеттер бойынша қарсыластардан басым болдық»

Алмас Құлшынбаев: «Ойлау мен техникалық қабілеттер бойынша қарсыластардан басым болдық»

22 мамыр, 10:19
17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының аға жаттықтырушысы Алмас Құлшынбаев жас футболшыларды дайындау жүйесі мен жақында аяқталған халықаралық турнирді қорытындылады.

- Үлкен футболда көп еңбек еттіңіз. Өткен маусымда Қазақстан жастар құрамасының жаттықтырушылар штабының қатарында болдыңыз. Ал, қазіргі уақытта 17 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасын жаттықтырасыз. Жас футболшыларды дайындауда айырмащылық бар ма?

- Әрине, физикалық және психологиялық дайындықта байқалады. Құраманың қатарына қабылданған футболшылардың дайындалуға уақыты аз. Олардың физикалық дайындығын көтеруге уақыт жетпейді. Сол себепті оқу-жаттығу жиынында теория, техника және тактикаға көңіл аударамыз. Жас футболшыларға оларды түсіндіру үшін көп уақыт қажет.

- Қазақстан жасөспірімдер құрамасына іріктеу қалай жүргізіледі? Қандай турнирлердің ойындарын қарайсыз?

- Ең алдымен футболшының қабілетін білу үшін бапкеріне хабарласамын. Әрі қарай Шымкент қаласында 2003 жылғы жасөспірімдер арасында «Жастар» республикалық турниріне қатысқан командалардың ойынын қарадым. Сол ойындардың қорытындысы бойынша алғашқы оқу-жаттығу жиынына қатысатын футболшыларды анықтадым. Жақында Павлодарда футбол орталықтары арасында жасөспірімдер арасында ойынды тамашаладым. Қарашаның соңына дейін чемпионаттың барлық кезеңін аралауды жоспарлап отырмын. Селекция іріктеу турниріне дейін жалғасады.

- Жақында команда УЕФА Даму Кубогына қатысты. Ойынды қалай бағалайсыз?

-  Алғашқы оқу-жаттығу жиынының 3-4 күнін Талғарда өткіздік. Әрі қарай алғашқы турнирге қатысу үшін Беларусь еліне жол тарттық. Беларусь құрамасы өте мықты қарсыластардың бірі саналады. Ал, Молдова құрамасында ірі денелі футболшылар ойнады. Соломон аралдары бір жасқа жоғары болды. Оның үстіне 18 жасқа дейінгі Әлем Чемпионатының қатысушылары.

Беларусьпен өткен алғашқы кездесудің бірінші таймында футболшылар қатты толқып, ойынға ене алмадық.  Пенальти мен айып добынан соғылған голдар кездесудің тағдырын шешті. Екінші таймда мүлдем басқа футбол ойнадық. Футболшылар бір-бірімен толық түсініс үлгермегеніне қарамастан, жақсы ойын көрсеттік.

Молдовамен өткен ойынның негізгі уақытында жеңіске жетуге мүмкіндік болды. Алайда, гол соғатын сәттерді жүзеге асыра алмадық. Орталық шабуылшы позициясының орны бос тұрды. Шабуылшыларды іздеп жатырмыз. Пенальти сериясында қарсыластан басым түстік.

Соңғы ойында Соломон аралдары кездесіп, турнирде алаңға шықпаған футболшыларға мүмкіндік бердік. Жарыс ережесі бойынша турнирге қатысатын әр футболшы кем дегенде 80 минут ойнауы тиіс. Екінші құраммен ойнап 2:2 есебімен тең түстік. Тағы да пенальти сериясында дәлдік таныттық.

- Турнирден кейін қандай қорытынды шығардыңыз?

- Ойлау мен техникалық қабілеттер бойынша қарсыластардан басым болғанымыз бірден көзге түсті. Тактика жағынан да жақсы ойнадық. Біздің футболшылардың дене даярлығы ақсап тұр. Алғашқы жиын. Сол себепті кейбір футболшылар толық бой үйрете алмады. Екінші жиында жаңа үміткерлерге мүмкіндік беріледі. Турнирдің маңызы мен пайдасы зор болды.

Бөлісу
Жоғары