Рәзия Нүркенова: «БИІК-Қазығұрт» футболшыларына «Андерлехтпен» ойында сәттілік тілеймін»

Рәзия Нүркенова: «БИІК-Қазығұрт» футболшыларына «Андерлехтпен» ойында сәттілік тілеймін»

16 қыркүйек, 17:44
Қазақстан қыздар құрамасының бас бапкері Рәзия Нүркенова ҚФФ баспасөз қызметінің сауалдарына жауап берді: 

- 2021 жылғы Еуропа Чемпионатының алғашқы ойынынан кейін көп уақыт өтті. Сербиямен ойынды талдап шықтыңыз ба?

- Ойыннан кейін талдау жасап, жіберген голдардың себебін анықтадық. Алғашқы таймда ойынға қойылған жоспарды орындадық. Алайда, екінші таймда физикалық дайындық жетіспеді. Жаттықтырушылар штабы әр ойыншыға қателіктермен жұмыстың қорытындысын жіберді. 

- Екінші таймда біздің футболшылар қақпа алдында жатып алғандай болды. Қарсыластан қаймықты ма? Әлде күш жетпеді ме?

- Футболшылар жеңіске жетуге ұмтылды. Алайда, алғашқы голдан кейін ойын қарқынын азайтып алдық. Сонымен қатар, бірінші таймда болмаған тактикалық қателіктерге бой алдыра бастадық. Әрі қарай физикалық және психологиялық дайындықты жалғастырамыз. 

- Македония және Франция құрамаларына қарсы дайындық қалай болмақ? 

- Сербиямен өткен ойыннан кейін дайындықты бастап кеттік. Қарсыластың ойындарына сараптама жасадық. Мәселен, Македония қыздары Австриядан 0:3 есебімен ұтылды. Алайда, олар қорғаныста өте жақсы ойнады. Өрескел қателіктер жіберген жоқ. Австрия футболшылары үшін қарсыластың қорғанысын бұзу оңай болмады. Ал, Франция құрамасы - әлемнің үздіктерінің бірі. Оларға қарсы ойнау кез келген еуропалық командаға қиынға түспек. 

- «БИІК-Қазығұрт» футболшылары Чемпиондар Лигасында жақсы ойнап жүр. Турнирдің 1/8 финалына шығуға мүмкіндік бар ма?

- «БИІК-Қазығұрт» - еуропалық турнирде жақсы ойнап, нәтиже көрсете білетін команда. Олардың қатарында Қазақстан құрамасының футболшылары ойын тәжірибесін жинайтыны қатты қуантады. Егер «БИІК-Қазығұрт» футболшылары жарысты әрі қарай жалғастыратын болса, онда Қазақстан Чемпионатының екінші командасы келесі маусымда еурокубок турниріне қатысу құқығына ие болмақ. Біздің чемпионатта бәсекелестік те арта түседі. Ең бастысы - ойыншылардың халықаралық тәжірибесінің мол болуы. «Андерлехтпен» өтетін қарымта ойынды тамашалап, біздің командаға қолдау көрсетеміз. 

Бөлісу
Жоғары