Айбол Әбікен: «Соңғы ойындардың барлығын жақсы өткізіп, көп ұпай жинауға ұмтыламыз»

Айбол Әбікен: «Соңғы ойындардың барлығын жақсы өткізіп, көп ұпай жинауға ұмтыламыз»

12 қазан, 13:44
Қазақстан Ұлттық құрамасының және алматылыұ «Қайраттың» жартылай қорғаушысы Айбол Әбікен 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турниріндегі Қазақстан – Бельгия матчы қарсаңында Қазақстан фубол Федерациясының баспасөз қызметіне сұхбат берді.

- Айбол, Қазақстан Ұлттық құрамасының қатарында алғашқы ойынды Ресейге қарсы өткіздіңіз? Калининград қаласында өткен ойыннан қандай әсер алдыңыз?

- Калининград қаласында өткен ойыннан өте жақсы әсер алдым. Матч 2018 жылғы Әлем Чемпионатының ойындарын қабылдаған стадионда өтті. Жанкүйерлер де көп жиналды. Ешқандай қобалжу болған жоқ. Ең өкініштісі, ойында жеңіліп қалдық.

- Бас бапкер Михал Билек ойыннан кейін не айтты?

- Бас бапкер менің 1-2 қателігіме нұсқау беріп, ойынды толықтай жақсы өткізгенімді айтты. Сонымен қатар, ұлттық құрамадағы дебютіммен құттықтап өтті.

- Ұлттық құрамадағы алғашқы ойыныңызды қаншалықты күттіңіз?

- Әрине, ұлттық құраманың жейдесін кию кез келген футболшы үшін асқақ арман әрі үлкен абырой! Осы уақытқа дейін ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиындарына шақырылғаныммен, жасыл алаңға шықпадым. Бұл жолы бірден негізгі құрамда ойынға араластым. Алғашқы ойынды Ресей сынды мықты командаға қарсы ойнағаныма қуаныштымын. Әрі қарай ұлттық құраманың негізі ойыншысына айналу үшін көп тер төгу керек екенін түсінемін.

- Ұлттық құраманың жартылай қорғанысында бәсекелестік жоғары ма?

- Әрине, Қазақстан Ұлттық құрамасының қатарында жартылай қорғаушылар арасында бәсекелестік өте жоғары. Жақсы футболшылар жиналған.

- Алға қойған жоспарларыңызбен бөліссеңіз?

- Алға қойған басты мақсаттарымының бірі – кәсіби футболшы ретінде дами түсу. «Қайрат» футбол клубы мен Қазақстан Ұлттық құрамасының сапында үлкен жетістіктерге жету!

- Қандай футболшылардың ойынын үлгі тұтасыз?

- Бала кезімнен «Ливерпуль» командасы мен Англия құрамасының жартылай қорғаушысы Стивен Джерардтың ойын үлгісі ұнайтын. Ол жасыл алаңдағы ойлау қабілетімен және команданы әрдайым өрге сүйрей алатын қасиетімен ерекшеленді. Сонымен қатар, ол алыстан гол соғудың хас шебері еді.

- Қазақстан ұлттық құрамасы қазан-қараша айларында 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінің соңғы ойындарын өткізеді. Алдағы ойындардан не күтесіз?

- Әрине, іріктеу кезеңінің соңғы ойындарынның барлығы қиын болмақ. Әр команда қоржындарын ұпаймен толтыруды көздейді. Алайда, барлық кездесуді жақсы өткізіп, көп ұпай жинауға ұмтыламыз. Бас бапкер мүмкіндік беріп жатса, аянбай, бар күшімді салып ойнауға тырысамын.

- Эден Азар, Ромелу Лукаку, Кевин де Брюйне және басқада жұлдыздардан құралған Бельгия құрамасы топтың көшбасшысы екені айқын. Қарсыласқа қалай лайықты қарсылық көрсетуге болады?

- Бельгия құрамасы - әлемнің ең үздік құрамаларының бірі. Оларға қарсы ойнау – үлкен мәртебе. Бас бапкердің ойынға қойған нұсқауын толық орындасақ, Бельгия футболшыларына лайықты қарсылық көрсете алатынымызға сенімдімін.

- «Астана Арена» стадионында өтетін Қазақстан мен Бельгия арасындағы кездесу жанкүйерлер үшін нағыз футбол мерекесіне айналары сөзсіз. Жанкүйерлерге айтар тілегіңіз?

- Ұлттық құраманың ойындарын жанкүйерлердің асыға күтетіні анық. Әр жанкүйердің тілегі мен қолдауы біз үшін маңызды. Жанкүйерлерге ұнайтын футбол ойнауға дайынбыз.

Бөлісу
Жоғары