Нұрсұлтан Пиялы: «Басты қарсылас - Румыния»

Нұрсұлтан Пиялы: «Басты қарсылас - Румыния»

27 қаңтар, 13:03
Футзалдан Қазақстан Ұлттық құрамасының ойыншысы Нұрсұлтан Пиялы Қазақстан Футбол федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында оқу-жаттығу жиынында дайындық қалай өтіп жатқанын айтып берді:

- Жарысқа деген дайындық өте жақсы. Қазақстан футзалының деңгейі өсіп келеді. Елордада ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиыны соның дәлелі. Футзалға көп көңіл бөліп жатқан Қазақстан Футбол федерациясына үлкен рахмет айтамын.

- Халықаралық жарыстардағы ойындарға қатыстыңыз ба?

- Осы уақытқа дейін бірнеше халықаралық жарысқа қатыстым. Португалия, Испания және Ресейде өткен турнирлерде бағымды сынап көрдім.

- Топтағы қарсыластар туралы не айтасыз?

- Рейтингке қарап, Қазақстан құрамасын топтың көшбасшысы деп санауға болады. Румыния құрамасы басты қарсыласымыз деп ойлаймын. Негізі іріктеу кезеңінде бір топта ойнадық. Тағы да жеңіске жетуге ұмтыламыз.

- Игита мен Дуглас команданың қатарына қосылғаны сенімді арттырады ма?

- Игита, Дуглас сынды ойыншылардың деңгейі жоғары. Әлемнің үздіктері. Команданың сенімін арттыратыны сөзсіз.

- Жанкүйерлерді қызықтыратын сауал. Нұрсұлтан Пиялының ойын мансабы қалай басталды?

- Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында дүниеге келдім. Алғаш рет Шымкент қаласының спорт мектебінің командасында ел чемпионатында ойнадым. Кейін «Жетісу» командасынан шақырту алып, бір маусым өткіздім. Әрі қарай «Қайрат» командасына ауыстым.

- Қазақстан Кубогындағы жеңіс қандай мотивация берді?

- Қазіргі таңда Қазақстанда футзалдың деңгейі жоғары. Бірнеше жаңа команда қосылды. Қазақстан Кубогының финалы тартысты өтті. Финалдың жеңісі мотивация беретіні сөзсіз. Элиталық кезеңде жақсы нәтиже көрсетіп, Әлем Чемпионатына шығу қажет.

Бөлісу
Жоғары