Қазақстанда UEFA CFM білім беру курсы өтіп жатыр

Қазақстанда UEFA CFM білім беру курсы өтіп жатыр

25 қазан 2023, 22:59
Астанада UEFA Assist және UEFA Academy бағдарламалары аясында футбол менеджерлеріне арналған UEFA CFM (Certificate in Football Management) білім беру курсының қорытынды модулі өтуде.

Курста Қазақстан Республикасының аймақтық футбол федерацияларының, футзал қауымдастығының және футбол клубтарының өкілдері, сондай-ақ Германия, Әзербайжан, Уэльс, Ирландия, Түркия футбол қауымдастықтарының мамандары қатысуда. Спикерлер ретінде УЕФА-ның, сондай-ақ Лозанна (Швейцария), Глазго (Шотландия), Боккони (Италия), Пуатье (Франция), Биаркбек (Лондон, Англия) университеттерінің жетекші сарапшылары дәріс оқиды.

Естеріңізге сала кетейік, футбол клубтары мен қауымдастықтарын басқарудың барлық салаларын қамтитын және алты негізгі модульден тұратын UEFA CFM курсы ағымдағы жылдың ақпан айында басталды.

Бұл курс 2034 стратегиясына сәйкес футбол мамандарының басқарушылық құзыреттілігін арттыру бойынша білім беру жобаларын жүзеге асырудың негізгі кезеңдерінің бірі болып табылады. 
Айта кетейік, 2022 жылдың қараша айында ҚФФ Орталық Азия футбол қауымдастықтары өкілдерінің, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өңірлік футбол федерациялары мен футбол клубтары басшыларының қатысуымен UEFA STEP білім беру семинарын ұйымдастырды.

Бағдарлама барысында қатысушыларға командалық тапсырмалар дайындалады, оқу соңында ауызша қорытынды емтихандар өткізіледі. Бағдарлама аяқталғаннан кейін УЕФА сертификаттарын табыстау жоспарлануда.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары