ЦП футболдан Қазақстан құрамасы халықаралық турнирге қатысады

ЦП футболдан Қазақстан құрамасы халықаралық турнирге қатысады

22 сәуір 2024, 17:27
Қазақстан тарихында тұңғыш рет ЦП футбол ойыншыларынан құралған Ұлттық құрама Астанада жиналды. Маңызды сәт инклюзивтілікке ұмтылып, спортта барлығына тең мүмкіндіктер берілетінін дәлелдей түседі.

Қазіргі уақытта ЦП футболдан Қазақстан құрамасы 24-27 сәуір аралығында Сочиде (Ресей) өтетін «Стальная воля» халықаралық турниріне дайындықты бастады.  Елордада өтіп жатқан оқу-жаттығу жиынын жоба жетекшісі Шыңғыс Темірханов жүргізіп жатыр.

Айта кетейік, өткен жылы Қазақстан футбол федерациясының Тұрақты даму стратегиясы аясында ЦП футболдан бірінші Қазақстан чемпионаты өтіп, оған бес команда қатысқан болатын.

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының жаттықтырушысы Шыңғыс Темірханов атап өткендей, футболшылар ұлттық құрама жейдесін киген кезде үлкен шабыт алады:

«Біздің футбол үшін тарихи оқиға, өйткені ЦП футболдан алғаш рет ұлттық құрама жасақталды. Өткен жылы ересектер арасында бірінші чемпионат өткізіп, оның қорытындысы бойынша ұлттық құрамаға ойыншылар іріктелді. Біздің жігіттерге халықаралық турнирде оңай болмайтыны анық, өйткені алғаш рет халықаралық турнирде тәжірибе жинаймыз. Сочидегі турнирде тәжірибесі мол, он жылдан астам ойнап келе жатқан командалар қатысады. Біздің басты міндетіміз – команданың бірігіп, тәжірибе жинақтауы, бірақ біз жеңіс үшін ойнаймыз.

Ұлттық құрама жейдесін кию олардың өміріндегі өте маңызды сәт. ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов ойыншылармен кездесіп, ұлттық құрамаға қолдау көрсетті.  Бұл да жігіттердің көңіл-күйіне үлкен әсер етті. Ұлттық құрама ойыншысы болу үлкен мәртебе. Оларға Қазақстанның атынан шығып жатқандарын да түсіндірдім. Біздің жігіттер өте күшті адамдар, өйткені церебральды сал ауруымен футбол ойнаудың өзі де үлкен жеңіс.  Командаға алғысым шексіз, олар өз қалаларында жаттығу жасап, жарыстарға үнемі қатысуға тырысады. Ұлттық құраманың құрылуы еліміздегі футбол өзегін дамытуға күшті серпін болады деп ойлаймын», – дейді Шыңғыс Темірханов.

ЦП футбол – церебральды сал ауруы немесе жүре пайда болған ми жарақаты бар адамдарға арналған командалық спорт түрі. Футболдың бұл түрі бұқаралық және бәсекелестікте клубтық, ұлттық, аймақтық және халықаралық деңгейде ойналады.

«Стальная воля» фестивалі УЕФА-ның 2024-2030 жылдарға арналған «Күш бірлікте» Стратегиясы аясында өтеді. Іс-шараның өзіндік ерекшелігі бар, футбол қатысушылар үшін әлеуметтік және физикалық сауықтыру құралы және заманауи қоғамға интеграция болмақ.

ЦП футболдан Қазақстан құрамасының құрамы:

Қақпашылар: Ерлан Арғынбаев (Тараз), Нұрымжан Мұрат (Астана)

Алаңдағы ойыншылар: Олжас Есперов, Райымбек Жақыпбек, Нұрдәулет Жетпісбай (барлығы – Астана), Санжар Қайнарбеков, Қуаныш Мадияров (екеуі де – Тараз), Виталий Крадин, Анатолий Федоровский (екеуі де – Қарағанды), Амир Мыңжасар (Алматы), Нұржан Қасанов (Атырау);

Жаттықтырушылар штабы: Шыңғыс Темірханов – бас бапкер, Сәуле Қадырбаева – дәрігер.

Бөлісу
Жоғары