Премьер-лига мен Бірінші лига клубтарына арналған сертификация бойынша семинар өтті

Премьер-лига мен Бірінші лига клубтарына арналған сертификация бойынша семинар өтті

30 қараша, 16:33
Бүгін Астанада Қазақстан футбол федерациясының Лицензиялау департаментінің ұйымдастыруымен «2019-2020 жылғы маусымда УЕФА мен ҚФФ аясында өтетін жарыстарға қатысатын Қазақстан Республикасының футбол клубтарына арналған сертификация» тақырыбында семинар өтті. 

Шараға Премьер-лига мен Бірінші лига клубтарының заң және қаржы қызметкерлері, жастар футболын дамыту бағдарламасының жетекшілері қатысты. 

Лицензиялау департаментінің директоры Ержан Мұсабеков пен департамент сарапшылары қатысушыларды инфрақұрылым, спорт, әкімшілік-кадрлық және қаржы критерийлері бойынша сертификацияның жаңа ережесіне енген өзгерістер мен толықтыруларды түсіндірді. 

Сонымен қатар, Техникалық орталық директоры Арсен Іңкәрбеков пен Балалар-жасөспірімдер футболы департаментінің директоры Игорь Утробин семинарға қатысушылардың сауалдарына жауап берді. 

Қазақстан футбол федерациясы Президентінің көмекшісі Сейілда Байшақов ашылу рәсімінде сөз сөйледі. 

Айта кетейік, УЕФА жарыстардына қатысуға Қазақстанда 4 квота бар. 1 – Чемпиондар Лигасы, 3 – Еуропа Лигасы. 2018 жылғы чемпионаттың қорытындысы бойынша «Астана», «Қайрат», «Тобыл», «Ордабасы» футбол клубтары сертификатқа ие. 
Аталған клубтар лицензиялау процедураларынан сәтті өткен жағдайда 2019 жылы Еуропа аренасында ел намысын қорғайды.
 

Бөлісу
Жоғары