Игорь Щацкий: «Ұлттық құраманың намысын қорғау – үлкен абырой»

Игорь Щацкий: «Ұлттық құраманың намысын қорғау – үлкен абырой»

22 ақпан, 02:58
Қазақстан Ұлттық құрамасының және қарағандылық «Шахтер» командасының қақпашысы Игорь Щацкий Молдовамен өткен ойыннан (1:0) кейін Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметінің сауалдарына жауап берді:

- Өте жауапты матч болды. Өйткені, көптеген футболшылар қысқа мерзім ішінде жиналып, алғашқы оқу-жаттығу жиынын өткізді. Жігіттер ойынға дұрыстап дайындалды. Жаңа бапкерге жақсы қырларын көрсетуге ұмтылды. Жақсы ойын болды деп ойлаймын.

- Молдова құрамасы лайықты қарсылық білдірді. Қарсыластың ойынына баға беріп өтсеңіз...

- Қарсыласымыздың ойынын да атап өткен жөн. Екі жақ та допқа жақсы талас жүргізді. Алайда, біз гол соғып, жеңіске жеттік.

- Қарсыластың сапынан кімді атап өтесіз?

- Молдова құрамасының командалық ойынын айтар едім. Олар бір-бірімен жақсы түсінісіп ойнады.

- Ойынға қандай жоспар қойылды және қаншалықты орындалды?

- Жасыл алаңда жылдам қимылдап, ашық аймақтардың барлығын жабу қажет болды. Қарсыластың жарты алаңында ашық кеңістік іздеуді тапсырды. Бапкердің айтқанын орындадық деп есептеймін.

- Ұлттық құрамада алғашқы ойыныңызды өткіздіңіз. Қандай баға бересіз?

- Қазақстан Ұлттық құрамасының намысын қорғау – үлкен абырой. Еліміздің бас командасының жейдесін киіп, алаңға шыққаныма қуаныштымын. Жаттықтырушылар штабына мүмкіндік бергені үшін алғыс айтамын.

Бөлісу
Жоғары