Дмитрий Шомко: «Қақпаның алдында еркін қимылдауға мүмкіндік бермейміз»

Дмитрий Шомко: «Қақпаның алдында еркін қимылдауға мүмкіндік бермейміз»

24 наурыз 2019, 12:10
Қазақстан Ұлттық құрамасының капитаны Дмитрий Шомко Қазақстан Футбол Федерациясының баспасөз қызметіне берген сұхбатында Ресей құрамасымен өтетін ойын туралы пікірімен бөлісті.

Дмитрий, маусымаралық үзілісте Ресей Чемпионатына ауысуыңыз мүмкін деген әңгімелер болды. Бұл туралы не айта аласыз?

Қызығушылық болғанын жасырмаймын. Алайда барлық сұрақпен менің агентім айналысады. Салмақты ұсыныс түсіп жатса, әрине, басқа чемпионатта ойнап көруге болады.

- Қазақстан мен Ресей чемпионаттарының айырмашылығы қандай? Ұлттық құрамаға қалай әсер етеді?

Ең алдымен Ресейде өткен Әлем чемпионатына салынған стадиондар ерекшеленеді. Стадионға жиналған жанкүйерлердің саны артты. Біздің инфрақұрылымды Ресеймен салыстыруға келмейді. Алайда, біздің алған бағытымыз да дұрыс. Қазақстанда көптеген стадиондар қайта жөндеуден өтіп жатыр.

2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңіндегі қарсыластарымыздың бірі – Ресей құрамасы. Қарсыластың қарымы туралы не айта аласыз?

Ресей құрамасының 2018 жылғы Әлем чемпионатындағы ойынын бүкіл әлем тамашалады. Сол ойын өрнегі өзгерген жоқ. Қарсыластың әр ойыншысының әрекетін талдаймыз.

Ресей құрамасымен ойын топтағы өзге қарсыластармен салыстырғанда маңыздырақ бола ма?

- Бір білерім, жақсы ойын болатыны анық. Көршілес Ресеймен достық қарым-қатынас қалыптасқан, алайда жасыл алаңда біз қарсыласпыз. Сондықтан әр ойынға жүз пайыз дайын боламыз.

Ресей құрамасына қарап қандай ерекшеліктерін атап өтуге болады?

Ең мықты тұсы – шабуыл. Командалық ойынына да мән берген жөн. Кездесуге дайындалып, талдау жасаймыз. Біз жаттықтырушылар штабының талабын орындап, өз ойын өрнегімізді көрсетуге тырысамыз.

Ресей құрамасының қатарында Дзюба, Черышев және Головин сынды шебер ойыншылар бар. Қорғаушылар оларды қалай тоқтатуы тиіс?

Бұл футболшылармен жақын қашықтықта ойнап, қақпамыздың алдында еркін қимылдауға мүмкіндік бермейміз.

Қазақстан құрамасының жанкүйерлеріне айтарыңыз?

Біздің жанкүйерлер әрдайым қолдау көрсетеді, сол үшін алғысымды білдіремін. Әрқашан ұлттық құраманың ойынына үмітпен қарайды. Стадионға келіңіздер! Сіздердің қолдауларыңыз маңызды! Көктем мерекесі – әз-Наурыз құтты болсын! Алға, Қазақстан!

Бөлісу
Жоғары