Бактиер Зайнутдинов: «Ойында ең бастысы өз күшімізге сену керек»

Бактиер Зайнутдинов: «Ойында ең бастысы өз күшімізге сену керек»

24 наурыз 2019, 15:30
Қазақстан Ұлттық құрамасының және ресейлік «Ростов» футбол клубының жартылай қорғаушысы Бактиер Зайнутдинов 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирі аясында Ресеймен өтетін ойын алдында Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне сұхбат берді:

- Бактиер, жаңа маусымды жаңа футбол клубында қарсы алдыңыз. Ұлттық құрама ойындарының дайындығына бұл өзгеріс қалай әсер етті?

- Жаңа маусым жаңа чемпионатпен басталды. Ұлттық құрама ойындарының дайындығына ешқандай кері әсерін тигізген жоқ, керісінше пайдалы болды деп ойлаймын. Әрқашан оң нәтижеге қол жеткізу үшін барымды салуға тырысамын.

- Қарсыласымыз Ресей құрамасы туралы не айта аласыз?

- Өте мықты ұжым. 2018 жылы Әлем Чемпионатында Ресей құрамасының көрсеткен нәтижесі барлығын таңғалдырды. Олар ширек финалға шығып, жанкүйерлеріне қуаныш сыйлады.

- Қарсыластың қатарында ең қауіпті футболшы деп кімді санайсыз?

- Өте мықты қарсылас екенін тағы да қайталаймын. Оның құрамында көптеген шебер ойыншылар бар, әсіресе жартылай қорғаушы Алексей Ионовты атап өте аламын. Ол алаңда көп жұмыс атқарады.

- Ресей Премьер-лигасының матчтарында Станислав Черчесов командасының футболшыларына қарсы ойнадыңыз ба?

- Катарда өткен турнирге «Зенит», «Локомотив» және «Спартак» футбол клубтарымен бірге қатыстып, ойын алаңында кездестім. Олардың қатарында Ресей құрамасында бұрын ойнаған және бүгінде өнер көрсететін футболшылар бар. Мәселен, Андрей Лунев, Эльмир Набиуллин, Игорь Смольников және басқалары. 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу ойындарына бірақ тәжірибе жинап қайттым.

- Қазақстан құрамасының тізгінін чех маманы Михал Билек алды. Бас бапкер туралы ойыңыз қандай?

- Михал Билек туралы бұрыннан білетінмін. Ол – жақсы маман. Футболшылардың кәсіби дайындығына жағдай жасайды деп ойлаймын. Чехия құрамасымен қол жеткізген жетістіктері - соның айғағы.

- 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінен не күтесіз?

- Біздің ел үшін өте маңызды турнир, сондықтан үлкен жауапкершілікпен қарау қажет. Жаңа бапкермен жаңа табыстарға қол жеткіземіз деген үміттемін. Ең бастысы, бар күш-жігерімізді саламыз, әр ойынның соңына дейін тер төгіп, бапкерлер мен жанкүйерлердің сенімін ақтауға тырысамыз.

- Жанкүйерлерге айтар тілегіңіз?

- Барша қазақстандықтарды, жерлестерімді көктемнің шұғылалы мерекесі - Ұлыстың Ұлы күнімен құттықтаймын. Әр шаңыраққа мол бақыт, табыс пен сәттілік тілеймін! Жанкүйерлердің бәрін стадионда күтеміз!

Бөлісу
Жоғары