Берік Дүзелбаев: «Келесі маусымда Чемпиондар Лигасына екі команда қатысуы мүмкін»

Берік Дүзелбаев: «Келесі маусымда Чемпиондар Лигасына екі команда қатысуы мүмкін»

17 қыркүйек, 14:49
Қазақстан әйелдер футболының директоры Берік Дүзелбаев Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметінің сауалдарына жауап берді.

- Әйелдер арасында футболдан ел чемпионатының жағдайы қалай?

- Биыл еліміздің бес аймағынан алты команда қатысып жатыр. Нұр-Сұлтан мен Петропавл қалаларының командалары қосылды. Аймақтарда қыздар футболына қолдау көрсеткен жергілікті билік өкілдері мен команда жетекшілеріне алғыс айтқым келеді. Шымкенттік «БИІК-Қазығұрт» футболшылары мерзімінен бұрын ел чемпионы атанып отыр. Көкшетаулық «Оқжетпес» пен елордалық СДЮСШОР №8 командалары екінші және үшінші орында келеді. Тағы үш команда турнир кестесінің соңғы сатыларында орналасқан. Олар ОСДЮСШ №2 (Ақтөбе), «Қызыл-Жар» СК (Петропавл) және  «Намыс» (Шымкент).

- Еліміздегі қыздар футболының деңгейі қандай?

- Қазақстан чемпионаты 15, 17 және 19 жасқа дейінгі жас ерекшеліктері бойынша ұйымдастырылады. Жарыс төрт кезеңнен тұрады. Шымкент қаласында қыздар футболы жақсы дамыған. Сонымен қатар, Нұр-Сұлтан, Ақтөбе, Көкшетау, Орал және Алматы қалаларының командалары жарысқа қатысып келеді. Футбол орталықтары мен академияларда 12-13 жастағы қыздарға арналған арнайы дайындық тобы ашылды. Келесі жылы екінші топ ашылады.

- Қазақстан әйелдер құрамасы 2021 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінде алғашқы ойынын өткізді. Қазақстан мен Сербия ойынына қандай баға бересіз?

- Іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойын Шымкент қаласында өтті. Біздің қыздар алғашқы таймды жақсы ойнағанымен, екінші таймда Сербия қыздары басымдық танытты. Қазақстан құрамасы қорғаныста ғана емес, шабуылда да ойнай алатынын көрсетті.

- 25 қыркүйек күні шымкенттік «БИІК-Қазығұрт» командасы УЕФА Чемпиондар лигасының қарымта кездесуінде бельгиялық «Андерлехтпен» кездеседі. Алғашқы ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Қарымта ойыннан не күтесіз?

- «БИІК-Қазығұрт» командасы жыл сайын УЕФА Чемпиондар лигасында жақсы нәтиже көрсетіп келеді. Биыл іріктеу кезеңінен іркілмей өтіп, Фарер аралдары, Эстония және Финляндия елдерінің командаларын ұтты. Сырт алаңда «Андерлехтпен» тең ойнап, келесі кезеңге шығу мүмкіндігін жақсартты. Егер «БИІК-Қазығұрт» келесі кезеңге өтетін болса, онда Қазақстан УЕФА-ның әйелдер қауымдастығында 12-орынында қалмақ. Өз кезегінде бұл нәтиже УЕФА Чемпиондар лигасына біздің елден екінші команданың қатысуына мүмкіндік береді. Бұл жағдайда Қазақстан чемпионатының бәсекелестігі арта түспек. Өйткені, екінші орын алған команда халықаралық аренаға шығады. «БИІК-Қазығұрт» командасына Чемпиондар лигасында сәттілік тілеймін!

Бөлісу
Жоғары