Александр Фамильцев - 45 жаста!

Александр Фамильцев - 45 жаста!

03 тамыз, 17:30
19 жасқа дейінгі Қазақстан жасөспірімдер құрамасының бапкері және ұлттық құраманың ардагері Александр Фамильцев 45 жасқа толды.

Александр Фамильцев - Павлодар футболының түлегі.

Ол 1992 жылы кәсіби мансабын бастап, 16 жасында павлодарлық «Трактордың» жейдесінде алғаш рет жасыл алаңға шықты.

Ел чемпионатының алғашқы маусымында 26 матч өткізіп, Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Алғашқы голын 1992 жылдың 5 қарашасында «Ақтөбемен» өткен ойында соқты.

Келесі жылы Александр Фамильцев аңызға айналған «Трактордың» мұрагері атанған павлодарлық «Аңсаттың» сапында 38 матч өткізіп, ел чемпионатының алтын жүлдесін жеңіп алды.

1993 жылғы маусымның қорытындысы бойынша Қазақстанның 33 үздік футболшысының тізіміне енді. Сол қапталдағы қорғаушылар арасында үздік атанды.

1994 жылы халықаралық аренадағы алғашқы ойынын өткізді. Ең алдымен Достастық кубогына, кейін Азия чемпиондарының кубогына қатысты.

1997 жылы алғаш рет Қазақстан құрамасында ойнады. 1998 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу матчында Қазақстан құрамасы Пәкістанды 3:0 есебімен жеңген еді.  Қазақстан құрамасы іріктеудің келесі кезеңіне өтіп, Александр Фамильцев тоғыз ойын өткізді.

Маусым соңында Қазақстанның 22 үздік футболшысының тізіміне енді.

2001 жылы Ресейдің жоғары чемпионатында ойнайтын мәскеулік «Торпедодан» шақырту алды. Жалпы саны 13 ойын өткізіп, «Черноморец» қақпасына гол соқты.

Ұлттық құраманың жаттықтырушыларының назарында үнемі болған Александр Фамильцев ресейлік «Томь» командасының ойыншысы ретінде Қазақстан құрамасының еуропалық іріктеу кезеңіндегі алғашқы ресми матчына шақырту алды.

Ойын 2004 жылдың 8 қыркүйегінде Украина құрамасымен өтті.

2006 жылы ресейлік «Томь» командасынан қостанайлық «Тобылға» ауысып, 22 ойын өткізді. «Қайсар» мен «Атырауға» гол соқты.

Александр Фамильцев Қазақстан ұлттық құрамасында 35 матч өткізді!

2008 жылы «Ақтөбенің» намысын қорғап, үшінші мәрте ел чемпионы атанды.

2010 жылы соңғы маусымын Оңтүстік Сахалиннің «Сахалин» командасында өткізді.

Александр Фамильцев футболдан Қазақстан Республикасының чемпионаты мен кубогында 228 матч өткізіп, 10 гол соқты.

Александр Михайлович, мерейтойыңыз құтты болсын!

Зор денсаулық, мол табыс және қажымас қайрат тілейміз!

Қазақстан футбол федерациясының ұжымы

 

Станислав Сәрсеков материалы бойынша әзірленді

 

 

Бөлісу
Жоғары