Рикардо Кака: «Ойыншылардың барлығының денсаулығы жақсы, жарақаттан аман»

Рикардо Кака: «Ойыншылардың барлығының денсаулығы жақсы, жарақаттан аман»

15 қыркүйек 2023, 19:00
Футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Рикардо Кака 2024 жылғы Әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Нидерландпен өтетін ойын алдында сұхбат берді.

– Нидерландпен өтетін ойынға команданың дайындығы қалай?

–  Бүгін Нидерландпен өтетін ойын алдында соңғы жаттығуды өткіздік. Ойыншылардың барлығының денсаулығы жақсы, жарақаттан аман. Бізде бұрын ойын алдында қиындықтар болатын. Мәселен, осы Нидерланд жерінде өткен Еуропа чемпионатында біздің ойыншымыз Лео ойын алды жаттығуда жарақат алып, жарыстан тыс қалған еді. Сол себепті ертең өтетін кездесуге ойыншылардың барлығының қатарда болуы өте маңызды. Дайындық процесін өте жақсы жүргіздік. Сол үшін ойыншылардың барлығына жаттығуға деген қарым-қатынасы мен кәсібилігі үшін үлкен алғысымды айтқым келеді. Төрт күнге созылған дайындықта жақсы мотивация көрсетті. 

– Леоның жағдайы қалай?

– Лео қазіргі уақытта Бразилияда «Жоинвиль» командасында ойнайды. Денсаулығы да жақсы. Ұлттық құрамаға үміткер ойыншылардың бірі. Кез келген сәтте шақырту алуы мүмкін.

– Осы жиынға неге шақырылмады?

– Менің шешімім бойынша қазіргі сәтте жергілікті ойыншыларды дамыту үшін шақырмадым. Лео менің шешімді қабылдады. Келесі ойындарда шақырту алуы мүмкін. 

– Ұлттық құрамаға ойыншылар Таразда өткен Қазақстан Кубогының қорытындысы бойынша шақырылды ма?

– Ойыншыларды қарау үшін уақыт аз болды. Өйткені командалардың көбі маусымдағы алғашқы үш ойынын өткізді. «Қайрат», «Аят» және «Семей» ғана халықаралық жарыстаға қатысып, жолдастық кездесулер өткізді. Үш ойыннан нақты қорытынды шығару қиын. Алайда қазіргі уақытта ең мықты құрам жиналды деп айта аламын. 

– Алғашқы қарсылас Нидерланд құрамасы туралы не айта аласыз?

– Нидерланд құрамасы соңғы жылдары қарқынды дамып келеді. «Барселона» командасы мен Ресей чемпионатында жұмыс істеген тәжірибелі бапкерді шақырды. Қарсыластың ойынын толық зерттеп шықтық. Қарсыласты құрметтейміз. Олар өз алаңында жанкүйерлердің қолдауымен ойнайды. Сол себепті салмақты дайындық жүргіздік. Жеңіске жетеміз деген сенім бар. 

– Дәурен Нұрғожин бұрын алаңда көмектесетін, енді қасыңызға көмекші болды...

– Дәурен – өте ақылды адам. Бас бапкердің көмекшісіне қойылатын талаптарға сай келеді. Әрине, әзірге тәжірибе жетіспейді. Алайда, тәжірибе ойындар арқылы келеді. Перспективасы өте жоғары. 

– 20 қыркүйек күні Алматыда Румыниямен өтетін ойыннан не күтесіз?

– Алғашқы ойынның нәтижесіне қарамай-ақ Алматыда өтетін ойынға жанкүйерлердің барлығын шақырамын. Жанкүйерлерге керемет мереке сыйлағымыз келеді. 20 қыркүйек күні Румыниямен өтетін матчта жанкүйерлерден энергия аламыз деп үміттенемін. Баршаңызды ойынға шақырамын. 

Бөлісу
Жоғары