Мәжіліс депутаттары «ALAÑ» футбол алаңын жаңарту жобасымен танысты

Мәжіліс депутаттары «ALAÑ» футбол алаңын жаңарту жобасымен танысты

04 желтоқсан 2023, 14:42
Футбол үйінде Қазақстан футбол федерациясының Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарымен кездесуі өтті. Іс-шара футбол инфрақұрылымы саласындағы ағымдағы және болашақтағы бастамаларды таныстыруға және талқылауға арналды.

Қатысқан депутаттардың қатарында Магеррам Магеррамов, Жигули Дайрабаев және Анас Баққожаев болды, олар ҚФФ-тың «ALAÑ» жобасы аясында футбол алаңдарын жаңарту бойынша қызметімен үлкен қызығушылықпен танысты.

Кездесуде ҚФФ басқарушы директоры Бағдат Қасенов пен «ALAÑ» жобасының жетекшісі Сергей Попов депутаттарды жобаның егжей-тегжейлерімен және ағымдағы белсенділігімен таныстырып, алдағы жылға арналған жоспарларымен бөлісті.

Депутаттар футбол инфрақұрылымын жақсартудағы күш-жігерін жоғары бағалап, елде футболды одан әрі дамыту мақсатында «ALAÑ» жобасын жүзеге асыруға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін білдірді.

Кездесуден кейін депутаттар ҚФФ баспасөз қызметінен алған әсерлерімен бөлісті:

«Өте қызықты жоба. Біріншіден, УЕФА «ALAÑ» жобасын қаржыландыруға қатысу арқылы біздің федерацияға үлкен сенім артатынын айта кеткен жөн. Өңірлердегі әкімдіктер белсенді болуы керек деп есептеймін. Біздер, халық өкілдері ретінде осы жайлы айтуымыз керек», - деп бөлісті депутат Анас Баққожаев.

«Бүгін біз футбол саласындағы шешілмей жатқан проблемаларды тыңдадық. Дегенмен жастар арасында футболға деген қызығушылық өсіп келе жатыр, сондықтан футболды Республикада дамыту керек. Аудандарда, ауылдарда стадиондар салу салу қажет. Мәжіліс депутаттары ретінде өзіміздің тарапымыздан Қазақстан футбол федерациясына көмектесеміз. Тиісті атқарушы органдарды шақырып олармен ақылдасамыз», - деді Жигули Дайрабаев.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары