ҚФФ футбол стадиондарын салу жобасы бойынша Қытай компаниясымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

ҚФФ футбол стадиондарын салу жобасы бойынша Қытай компаниясымен ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойды

18 маусым 2024, 18:32
Қазақстан футбол федерациясы Қытайдың CHINA CHANGJIANG CONSTRUCTION INVESTMENT кәсіпорнымен өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойылғанын хабарлайды.

Бұл компания еліміздің маңызды қалаларында футбол стадиондары мен спорт нысандарының құрылысы мен жобалауы бойынша бас мердігер болады.

Екі жақты келісім аясында кәсіпорын ҚФФ-ға кәсіби жобалау және құрылыс қызметтерін ұсынып, жобаларды іске асыру үшін қаржыландыруды іздеуге жәрдемдеседі. Бұл ынтымақтастық Астана, Алматы, Шымкент, Ақтөбе, Атырау және Ақтау сияқты қалаларда заманауи спорт нысандарын жобалау мен салуды қамтиды.

Жобаның алғашқы іске асыру кезеңінде ҚФФ қытайлық компанияға негізгі материалдарды, оның ішінде жоба бойынша ақпарат, құрылыс орны, ауқымы мен функционалды талаптарды ұсынады. Ынтымақтастық табысты болу үшін федерациядан арнайы өкіл тағайындалады. 

Өз кезегінде CHINA CHANGJIANG CONSTRUCTION INVESTMENT жобалау жоспарын әзірлеп, құрылыс бағдарламасына көмек қолын созады. Кәсіпорын ұсынатын ортақ бағдарлама жобаларды іске асыруға кешенді көзқарасты қамтамасыз ете отырып, жобалау мен құрылыстың барлық кезеңін қамтиды.

ҚФФ Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген өз өкілеттілігі шеңберінде тиісті мекемелермен жұмыс барысын қадағалап, қажетті ақпаратты ұсынып, Қытай тарапымен жұмыс істеу үшін арнайы өкілін тағайындайды. Сондай-ақ федерация жобалау, құрылыс және қаржылық мәселесіндегі жұмысты айқындап, халықаралық қаржылық институттар мен коммерсиялық банктер талаптарына сай қауіпсіздік шараларымен қамтамасыз етеді. 

CHINA CHANGJIANG CONSTRUCTION INVESTMENT жобаның қажеттілігіне сай кәсіби жобалау, кеңес беру және құрылыс бағдарламасын ұсынады. Бұған қоса, кәсіпорын футбол федерациясына жобаны қаржыландыруға жәрдемдесе отырып, халықаралық қаржылық институттар мен коммерциялық банктермен байланыс орнатуға және келіссөз жүргізуге көмектеседі. 

«ҚФФ мен CHINA CHANGJIANG CONSTRUCTION INVESTMENT арасындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қою Қазақстанда заманауи спорттық инфрақұрылымды құру жолындағы маңызды қадам. Бұл келісім елдегі футбол мен спорттың дамуына ықпал етеді», – деді ҚФФ бас хатшысы Андрей Дудин.

Бөлісу
Жоғары