Ғани Қайназаров – Қазақ футболын қатты жақсы көретін жан
1996 жылы «Тараз» сапында Қазақстан чемпионы атанған қайсар футболшы алаңды анық байқап, гол соғатын ұрымтал сәтті мүлт жібермейтін.
Оның балалық шағы футболмен өтті. Туған жері Жамбылдағы стадионда доп әкеліп тұрған балғын Ғани кейін футбол клубының президенті боламын деп еш ойламаса керек. Футболшы Ғанидың ойынына жанкүйерлердің тәнті болып, трибунада қол соғатынына да балғын Ғанидың ойына келмегені анық.
Жамбыл футболының түлегі
Қазақстандағы ең ежелгі қалалардың бірі Тараз кеңес уақытында қазақтың ұлы ақыны Жамбыл Жабаевтың есімімен аталды. Танымал киноленталардың бірі «Сәттілік сабаздары» («Джентльмены удачи», - ред.) айтылып, кейін жиі қолданылып кеткен сөз еске түседі:
- Джамбул! Там тепло, там моя мама...
Ол жақта футболды қатты жақсы көретіні баршаға белгілі. Жамбыл футболының түлектері жеткен жетістіктер көп. Олардың қатарында Сейілдә және Сейітжан Байшақовтар, Ваит Талғаев, Виктор Катков, Вахид Масудов, Антон Шох, Евгений Яровенко, Дмитрий Огай, Олег Литвиненко, Нүркен Мәзбаев, Мұрат Тілешев. Бұл тізімді ұзақ жалғастыруға болады.
Жамбыл өлкесінде футбол дәстүрі қатты сақталған. Қазіргі таңда Қазақстандағы мықты әрі болашағынан мол үміт күттіретін ойыншылар да осы жерден тәлім-тәрбие алды. Ұлан Қонысбаев, Елдос Ахметов, Бауыржан Исламхан, Бактиер Зайнутдинов, Еркебұлан Сейдахмет – Тараз футбол мектебінің түлектері.
90-жылдардың ортасында Таразда тек жергілікті түлектерден құралған мықты ұжым пайда болды. 1996 жылы «Тараз» командасы сол уақыттары үстемдік құрып тұрған Семейдің «Елімайын» тоқтата алды. Осы ұжымның көшбасшыларының бірі Ғани Қайназаров болатын.
- Балалық шақ футболдың ортасында өтті, - деп еске алады Ғани Әділханұлы, - Алты жасымды мен барып жүрген балабақша жөндеу жұмыстарына байланысты жабылып қалды. Сол себептен ағам Шоқанның қайда барса да, мені өзімен бірге алып жүруден басқа амалы қалмады. Соның ішінде ағам футбол ойнаған стадион да болды. Балалардың допты емін-еркін көкке асырып, қайта қағып алуы мен жасыл алаңда доппен қозғалуы мен үшін өте қызықты болды. Әсіресе, гол соққан сәтті көру бір арман! Алысқа ұзап кеткен допты әкеліп беруді сұрағанда қуанышымда шек болмады!
- Алғашқы сезім мен балалық қызығушылық футболға деген махаббатқа ұласты. Алты жасар балғын Ғани алғашқы футбол секциясының табалдырығын аттады. Оның алғашқы ұстазы Жаппар Фахрутдинұлы Мұрадов болды. Бұл сол кездегі ұзақ жылдар бойы Евгений Петрович Ротт басқараған Жамбыл өңіріндегі атақты балалар спорт мектебі еді.
- Сол кезеңдегі балалардың бапкерлері футболға жан-тәнімен берілген адал жандар еді, - дейді Қазақстан футбол федерациясының Ұлттық құрама командалар департаментінің директоры, - Олар таңсәріден кешке дейін уақытын балалармен бірге стадионда өткізетін.
Спорт интернаты
Кеңес кезеңінде футбол таланттарының барлығы ел назарында болатын еді. Бұқаралық жарыстарды өткізу жүйесі де көмектесті. Жалпы одақтық көлемде өтетін «Былғары доп», «Еңбек резервтері», «Буревестник» турнирлері мен ішкі біріншіліктер спорт мектептерінің талантты түлектерін табуға ықпал етті. Қазақстанның түкпір-түкпірінен дарынды балалар Алматыдағы спорт интернатына жиналды.
- Біздің өмір мен футболдағы тәрбиемізге мықты жаттықтырушылар мен педагогтар әсер етті. Круглыхин Валерий Андреевич пен Черепанов Павел Петрович осы күнге дейін өз істерін шынайы атқарады. Спорт интернатында 1970 жылы дүниеге келген балалардан құралған команда жасақталды, - дейді Ғани Әділханұлы. – Олардың көбі кейін көптеген табыстарға жетті. Мәселен, Сергей Жуненко КСРО-ның жасөспірімдер құрамасының кандидаты болып, Алматы қаласының «Қайрат», Луганск қаласының «Заря», Донецк қаласының «Шахтер» және Волгоград қаласының «Ротор» командаларында ойнады. Шабуылшы Юрий Попандопуло да алматылық «Қайрат» сапында доп тепті. Жартылай қорғаушы Андрей Кучерявых павлодарлық «Ертіс» құрамында Қазақстан чемпионы атанды. Бельгияның «Антверпен» клубында ойнаған шабуылшы Гурам Макаев пен Эдуард Глазунов кейін «Қайраттың» шабуыл шебінде тандем құрды.
Ұстазы – «Қайраттың» нағыз аңызы
1980 жылы Қазақстан аймағындағы екінші лигада құрылған студенттердің командасы СКИФ (Спортивный клуб института физкультуры, - ред.) деп аталды.
Бұл футбол олимпін бағындыру жолында көптеген футболшылар үшін алғашқы баспалдақ болды. Олардың қатарында Ғани Қайназаров та бар еді.
КСРО спорт шебері, «Қайраттың» алғашқы капитаны Владимир Скулкин жаттықтырған команда сапында 1987 жылы алғаш рет алаңға шықты. Ғани Қайназаровтың алғашқы ойыны! Қайсар футболшы алғашқы ресми матчында гол соқты!
Сол жылдың сәуірінде СКИФ командасы Қазақ ССР Кубогының алғашқы айналымында Шымкентте жергілікті «Мелиоратормен» кездесті. Жексенбінің шуақты күнінде жасыл алаңдағы ойын толассыз тартысқа толы болды. Жас ойыншылардан құралған СКИФ командасы тәжірибелі қарсыластарына лайықты қарсылық көрсетті. Алайда, бір доп айырмашылығымен ұтылды - 2:3. Сол матчта бір голдың авторы болған Ғани Қайназаровтың жасы небәрі он жетіде еді.
- СКИФ сапындағы үш маусым үлкен сабақ болды, - деп еске алады Ғани Әділханұлы. – Тағы бір гол есімде. Туған команда «Химикке» қарсы ойнадық. Ал, қарсыластың құрамында бала кезімде үлгі тұтқан футболшылар ойнады. Анатолий Бельский, Яков Щербаков. Солардың ойынын қарап, мақтан тұтып өскен едім. Спорттық мансабымдағы алғашқы голдар футболдағы алғашқы қадамды дұрыс жасауға көмектесті.
Егемендіктің бастауы
1991 жылғы маусымда Ғани туған командасы «Химиктің» жейдесін киді. Команда екінші лиганың шығыс аймағында ойнады.
- Жарысқа қатысушы командалардың географиясы кең еді, - дейді «Химик-91» командасының жартылай қорғаушысы, - Оралдан бастап Сахалин, Қиыр Шығыс, Орталық Азияға дейін жетті. Қазақстаннан сегіз команда қатысты. Әр ұжымның өз ерекшелігі болды. КСРО кубогының 1/16 финалына дейін жетіп, Днепрпетровск қаласының «Днепр» командасын 1:0 есебімен ұттық.
Еліміз егемендік алғаннан кейін футболдың жаңа дәуірі басталды. Ғани Қайназаров атын ауыстырған туған командасы «Фосфорда» ойнады.
Қазақстан чемпионатындағы алғашқы голын 1992 жылдың 3 маусымында соқты. «Фосфор» өз алаңында ақмолалық «Целинник» ұжымын қабылдап, 2:0 есебімен жеңіске жетті.
1992 жылдың тамызында «Фосфор» Қазақстан Кубогының финалында «Қайратқа» есе жіберді. Бұл жеңіліс жамбылдық жас ұжымды ашуландыра түсті. Араға бір апта салып «Фосфор» өз алаңында «Актюбинец» командасынан 5:0 есебімен басым түсті. Сол ойында жергілікті команданың бас бапкері Ваит Талғаев жартылай қорғаушы Ғани Қайназаровты шабуылға ауыстырды. Ол шабуыл шебінде Олег Литвиненко және Анатолий Бельскиймен бірге ойнады. Үшеуі алаң ортасынан Марат Сыздықов пен Яков Щербаков көмегіне қол созып, қарсыластың қорғанысын бұзды.
Сол маусымда «Фосфор» тәуелсіз Қазақстанның алғашқы чемпионатын 25 ұжымның арасында бесінші орынмен аяқтады.
Ғани Қайназаровты Қазақстанның үздік 33 футболшысы тізіміне қосты. Әрі қарай футболшы еліміздің ұлттық құрамасына шақырту алды.
«Қайрат»
Ғани кеңес уақытынан бері еліміздің бас командасы саналған алматылық «Қайрат» сапында доп тебуді арманды.
1993 жылы «Қайрат» тізгінін ұстаған бапкерлер Бақтияр Байсейітов пен Құрбан Бердиев келешегінен мол үміт күттіретін футболшыны өз командаларына шақырды.
Жас футболшы өте тәжірибелі ойыншылармен бірге ойнап, шеберлігін әрі қарай шыңдай түсті.
1995 жылдың маусымында Құрбан Бердыев шабуылда Қайназаров – Глазунов жұбына арқа сүйеді. Олар бірге 37 ойында 23 гол соқты. 12 гол соққан Ғани команданың ең үздік сұрмергені атанды.
Шешуші сәт
Кез келген жанның тағдырында таңдау қиынға түсетін сәт болады. Ғани Қайназаров сол сәтте жиырма бес жаста болатын.
Шебер шабуылшыны байқамау мүмкін емес еді. 1995 жылғы ел чемпионы Семейдің «Елімайы» өз командасына Ғани Қайназаровты Мәскеуде өтіп жатқан Достастық Кубогына қатысу үшін шақырды.
Алғашқы матчта «Елімай» Ереванның «Пюник» командасын 3:0 есебімен тас-талқан етіп ұтты. Ғани Қайназаров гол соқты. Оның соққысынан қырғыз қақпашысы да қақпасын голдан құтқара алмады. Қазақстанның командасы жауапсыз төрт гол соғып, жеңіске жетті.
Қазақстан чемпионымен келісімшартқа отыру уақыттың еншісінде ғана еді. Алайда, бір кездесуден кейін барлығы өзгеріп шыға келді. «Елімай» тұрған қонақүйге Құрбан Бердиев келіп, Ғанидің нөміріне бас сұқты.
Құрбан Бикейұлы «Таразды» жаттықтыратынын және өз командасына оны көргісі келетінін айтты. Оның айтқан ең маңызды сөзі кез келген футболшы үшін туған жеріндегі туған стадионда туған командасымен чемпион атану кез келген келісімшарттан артық екені болды.
Жамбыл өңірінің командасы ұзақ жылдар бойы жанкүйерлерін республикалық жарыстарда қуанта алмай келген еді. Сол себепті Ғани Қайназаров көп ойланбастан туған командасына қайта оралуға шешім қабылдады. Өз командасына оралған жылы чемпион атану мақсаты орындалды.
Әкеге арнау
1996 жылғы Қазақста чемпионаты тартысты өтті. Соңғы сәтке дейін жүлдеге үміткерлерді анықтау қиынға түсті. «Тараз» чемпиондық атақтан дәмелі екенін бірден көрсетті.
Маусымды Ғани жақсы бастады. «Батырмен» өткен алғашқы ойында оның соққан жалғыз голы «Таразға» жеңіс сыйлады.
25 мамыр күні Ақтаудың «Каспий» командасымен болған кездесуде де Қайназаров мергендік танытты.
Бұл ымырасыз кездесу еді. Біріншіден, қарсыластың құрамында кеңес одағының жоғары лигасында ойнаған танымал футболшылар болды. Иван Яремчук («Динамо» Киев), Ренат Атаулин («Спартак» және «Динамо» Мәскеу), Валерий Глушаков (ЦСКА). Екіншіден, маусым ортасында «Мұнайшыға» бапкері Құрбан Бердыев ауысады. Онымен бірге ерген Авдеев, Огай және Тагиев команданы тастап кетті.
Көптеген жанкүйерлер бапкері мен ойыншыларынан айырылған «Тараздың» алтынға үмітті екеніне күмән келтіре бастады. Кейін команда тізгінін Ваит Талғаев ұстады.
Шілде айында Ғанидың әкесі өмірден өтіп, ауыр қазаға ұшырады. Әділхан Рақымұлы сүйікті командасының бірде-бір ойынын жібермей қарайтын еді. Өкінішке қарай, ол ұзақ күткен чемпиондық атақты көре алмады. Ғани Қайназаров өз алдына нақты мақсат қойды. Чемпион атанып, сол жеңісті әкесіне арнамақ болды.
Мәреге жақындай келе алтын жүлдеден үмітті үштіктің қатары түзілді. «Тараз», «Елімай» және «Ертіс». Дәл осы сәтте команда нағыз мінезін көрсетті. 24 қыркүйектен бастап 3 қарашаға дейін «Тараз» қатарынан тоғыз (!) ойында жеңіске жетті.
Осы ойындарда шабуылдағы көшбасшы Ғани жеті рет қарсыластың қақпасын дәл көздеді.
Шешуші ойын 31 қазан күні Таразда өтті. Азамат Ниязымбетов соққан гол чемпиондық жолды жалғастырды. «Тараз» мәреге екі тур қалғанда мерзімінен бұрын чемпион атанды.
Ғани Әділханұлы еске алады:
- «Елімаймен» өткен ойын ажиотажға толы болды. Лық толы стадион! Семейден жанкүйерлер тиелген екі ұшақ ұшып келді! Бірінші таймда есеп ашылмады. Ойын жүрмей жатты... Нәтиже әр ойыншыға жауапкершілік жүктеді... Үзілісте киім ауыстыратын бөлмеге сол кездегі облыс әкімі аппаратының жетекшісі, клубтың құрметті президенті, әлем боксының аңызы Серік Қонақбаев кіріп келді де, «Жігіттер, нәтижені ойламаңдар! Еш қысылмай ойнаңдар. Сол кезде қолдан барлығы келеді!» деді. Атақты жерлесіміздің сөзі біздің ойынымызға қанат бергендей болды. Үзілістен соң алға ұмтылдық!
Чемпион атанған жылы Ғани командада ең көп гол соққан футболшы болды. 12 гол. Қайназаровпен бірге жеңісті тойлағандардың арасында Олег Воскобойников, Бекболат Кеңшімов, Фархад Мирсалимбаев, Игорь Зайцев, Сергей Калабухин, Ерлан Елеусінов, Нүркен Мәзбаев, Василий Кононов, Серік Қошқаров, Нұрмат Мырзабаев, Олег Кочагин және Сергей Пак бар.
Жастарға үлгі
Келесі маусымда «Тараз» тек күміс жүлдені иеленді. «Ертіске» қосымша матчта ғана есе жіберді. Қайназаров жарақатына байланысты маусымның көп бөлігін жіберіп алды. Кейін спорттық ғұмырын аяқтады.
Ол соңғы голын 1997 жылы 19 қыркүйекте Азия чемпиондары кубогының алғашқы кезеңінде Ашхабадтың «Ниса» командасының қақпасына соқты...
Бірақ, бірнеше жылдар кейін туған клубына қызмет етуге қайта оралды. Ғани Қайназаров жас футболшыларға үлгі тұтарлық. Доп беруші баладан клубтың президенті деңгейіне көтерілді.
Ғанидың айналасындағылардың барлығы осы күнге дейін футболмен өмір сүреді. Ағалары мен інілері, кіші ұлы, достары мен достарының достары да футболға ден қойған. Өмір мен футбол Ғани үшін біртұтас.
Ғани Қайназаровты барлығы отаншыл әлі футбол үшін жанын беретін адам деп таниды. Ол сүйікті ойынын Қазақстанда және халықаралық аренада дамуға көмектесу үшін бар күшін аянып қалған емес. Оның қазір де Қазақ футболының мәртебесін көтеруіп, биік жеңістерге жеткізуге ықыласы зор.
Ғани Әділханұлы алға қойған мақсатымен де бөліседі:
- Біздің құрама жақын арада Әлем және Еуропа чемпионатына жолдама алса деп армандаймын. Отандық футболдың деңгейі мен басқару жолы жыл сайын көтерілуі міндет. Ең жоғары мақсатқа қол жеткізу үшін қадамын жаңа ғана бастаған әр жас футболшы алға ұмтылуы тиіс. Туған клубы мен ұлттық құраманың абыройы үшін ойнап, жанкүйерлердің құрметіне ие болу шарт. Біздің футболшылардың жанкештілігі туған елінің қолдауымен нығаю түсуі қажет. Ел өз футболшыларымен мақтануы тиіс... Әр адам өз орнында қолынан келетін ең жақсы істі атқарады деп сенемін. Ол футболшы болсын, ол директор болсын. Сенім мен жеке күштің арқасында біз ортақ әрі үлкен мақсатты орындаймыз. Осы мақсатқа әрқашан ұмтыламыз. Барлығы осыны түсінгені абзал. Бұл біздің ортақ мақсатымыз.
Қайназаров Ғани Әділханұлы
1970 жылы 10 тамызда Жамбылда дүниеге келді.
Жамбыл футбол мектебінің түлегі.
Қазақстан Ұлттық құрамасы (1992, 96) – 4 матч.
Қазақстан чемпионы (1996), күміс жүлде иегері (1997).
Спорттық ғұмырында 256 матч өткізіп, 40 гол соқты.
Қазақстанның үздік 33 футболшының тізіміне енді: (1992, 95) № 3 , (1996) № 1.
Қазақстан Республикасының спорт шебері