Астана футболы – 20 жыл
Жаңа ғасыр – жаңа чемпион
Өткен ғасырдың соңына қарай Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихи шешім қабылдап, астананы Алматыдан Ақмолаға көшірді. 1998 жылдың маусымында қалаға Астана атауы берілді. Сол жылы Қазақстан Республикасының жетінші чемпионатына жаңа атаумен футбол командасы қосылды.
Сол уақытта қалалық футбол федерациясын сол кезеңде Астана қаласының әкімі болған, ал қазіргі таңда Қазақстан футбол федерациясының жетекшісі Әділбек Рыскелді Жақсыбеков басқарды. Сол сәттен бастап Есіл жағалауында орналасқан қаланың футболы қарыштап дами бастады.
Алғашқы қадам «Жеңіс» командасының самғауы болды. Сергей Гороховодацкий бастаған ұжым 2000 жылы Қазақстан чемпионы атанды. Жасыл алаңда Владимир Нидергаус, Азамат Ниязымбетов, Олег Воскобойников және басқа да футболшылар жарқылдады. Шабуылшы Арсен Тлехугов бір чемпионатта 30 гол соғып, рекорд орнатты.
2001-2002 жылғы маусымда «Жеңіс» Қазақстан Кубогының иегері атанып, тұңғыш рет еурокубокқа қатысты.
Астанадағы Кубок финалы
Елордада алғаш рет Қазақстан Кубогының финалы 2000 жылдың 6 шілдесінде өтті. Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионда өткен шешуші бәсекеде «Қайрат» пен «Аксесс-Голден Грейн» кездесті. Алматылық ұжым қарсыласының қақпасына жауапсыз бес гол соқты.
Сол уақыттан бері Астанада Қазақстан Кубогының финалы сегіз рет өтті. Елорда Қазақстан Суперкубогын да сегіз рет қабылдады. 2013 жылдың 10 қарашасында «Шахтер» (Қарағанды) мен «Тараз» арасындағы ойынды 24 500 жанкүйер тамашалады. Бұл ел біріншіліктеріндегі ең жоғары көрсеткіш болды. Кеншілердің капитаны кубокты Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қолынан алды.
Астанада Қазақстан Республикасы Президенті Кубогы бес рет ұйымдастырылды. Қазақ футболының 100 жылдығында біздің жасөспірім футболшылар финалда Иран құрамасын 1:0 есебімен ұтып, жеңісті тойлады.
«Астана Арена»
Жас астананың тарихында 30 мың жанкүйерге арналған «Астана Арена» стадионының орны бөлек. 2009 жылдың шілдесінде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қатысуымен «Астана Арена» стадионының салтантты ашылу рәсімі өтті.
Стадионның ашылу салтанатына орай ұйымдастырылған матчқа әлем футболының жұлдыздары қатысты. Олардың арасында Каха Каладзе, Андрей Шевченко, Хасан Шаш және Хакан Шүкір болды. Италиялық танымал төреші Пьерлуджи Коллина қазылық етті.
«Астана Арена» стадионында Қазақстан чемпиондығын төрт мәрте ұтқан «Астана» футбол клубы ойнайды. Өткен жылы EXPO-2017 халықаралық көрмесінің аясында «Әлем футболының аңыздары» турнирі ұйымдастырылды. Жанкүйерлер Алдаир, Роберто Баджо, Манфренд Кальтц, Яри Литманен, Нуну Манише, Христо Стоичков және басқа да жұлдыздардың ойынын тамашалады.
Қазақ футболының тұмары
Қазақ футболының тарихында «Астана» футбол клубының пайда болуы жаңа леп әкелді. «Астана» футбол клубы Еуропада танымал брендке айналды. 2014 жылы Станимир Стоилов бас бапкер болып тағайындалды. Келесі маусымда УЕФА Чемпиондар Лигасының топтық кезеңінің ойындарына қатысты. Жанкүйерлер «Атлетико», «Бенфика» және «Галатасарай» ойындарын тамашалай алды.
2017-2018 жылғы маусымда Еуропа Лигасының топтық кезеңінде «Славия» (Чехия), «Маккаби» (Израиль) және «Вильярреал» (Испания) командаларымен ойнап, плей-офф кезеңіне өтті. Әрі қарай Португалияның «Спортинг» командасымен жолықты.
Болгариялық маман «Астана» сапында ойнайтын Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншыларының әлеуетін аша білді. Олардың арасында Абзал Бейсебеков, Юрий Логвиненко, Сергей Малый, Дмитрий Шомко, Серікжан Мужиков, Ненад Эрич және басқа да ойыншылар бар. Шетелдік ойыншылар арасында Джордже Деспотович, Патрик Твумаси, Марин Аничич, Ласло Кляйнхайслер, Марин Томасов, сонымен қатар, жақында ғана Қазақстан Чемпионатында ойнаған Жуниор Кабананга бар.
Мемлект басшысының Жарлығымен 2015 жылы «Астана» футбол клубының президенті Саян Хамитжанов «Құрмет» орденімен марапатталды.
Төрешілер корпусы
Елордада халықаралық талаптарға сай төрешілер тобын қалыптастыру басты мақсаттардың бірі болды. Тәжірибелі Николай Дрютов пен Виктор Курбатов жас төрешілерге көмектесті. 2000 жылдардың басында алғаш рет төрелік еткен Сергей Кенетаев қазіргі уақытта Қазақстан футбол федерациясының Төрелік ету және қадағалау департаментін басқарады.
Төрешілер корпусының қатарында болашағынан үміт күттіретін бірқатар арбитрлар бар - Әлібек Әубәкіров, Марат Ысқақов, Ғалымжан Кенжалинов, Тимур Кумашев, Георгий Чеховский және т.б.
Бұқаралық футбол
Елорда футболының іргетасы – бұқаралық және балалар-жасөспірімдер футболы. Бүгінде Астанада әртүрлі жарыстар мен футбол шаралары көп ұйымдастырылады. Астана футбол федерациясының мәліметі бойынша 2017 жылдың соңына қарай 29 турнир өтіп, 7 052 адам қатысқан. Олар 889 ойын өткізген. Бұқаралық футболды дамыту ұраны - «Футбол бізбен басталады!».
Ұлттық құрама орны
2019 жылдың 14 қазанында Қазақстан ұлттық құрамасы с стадионында алғашқы ойынын Хорватиямен өткізді. Ал, келесі жылы Оманмен өткізген жолдастық кездесуде алғашқы жеңісіне қол жеткізді – 3:1.
Ұлттық құрама «Астана Арена» стадионында 24 ойын өткізді. Келесі мерейтойлы 25-ші кездесу 6 қыркүйек күні УЕФА Ұлттар Лигасында Грузияға қарсы өтеді.
Астанада өткен 24 кездесудің алтауында Қазақстан құрамасы жеңіске жетті. Жеті ойын тең аяқталып, он бір кездесуде қарсыластар басым түсті. Доп айырмашылығы - 27-36. Ең ірі жеңіс 2014 жылдың 5 қыркүйегінде тіркелді. Қазақстан Қырғыз Республикасының құрамасын 7:1 есебімен ұтқан еді.
Ал, ресми кездесулердегі алғашқы жеңіс 2011 жылдың 3 маусымында 2012 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінде Әзірбайжанға қарсы ойын болды. Кездесу 2:1 есебімен аяқталды.
«Астана Арена» стадионында біздің футболышлар Грузиядан 1:0 есебімен, Фарер аралдарынан 2:1 есебімен басым түсті. Сонымен қатар, Польша, Румыния және Австрия (2 рет) құрамаларымен тең ойнады.
Биыл Қазақстан ұлттық құрамасы жаңа бапкер Станимир Стоиловтің жетекшілігімен Әзірбайжан құрамасын жолдастық кездесуде 3:0 есебімен ұтты.
Сонымен қатар, «Астана Арена» стадионында Қазақстан жастар құрамасы және Қазақстан әйелдер құрамасының матчтары өткізіледі.
Федерация
Еліміздің бас футбол ұйымы – Қазақстан футбол федерациясы Астанада орналасқан.
Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділбек Жақсыбеков. Оның көмешілер: Бас хатшы – Азамат Айтқожин, Президент кеңесшісі – Сейіла Байшақов. Атқарушы директор – Әміржан Түсіпбеков. Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының президенті – Олжас Абраев.
25 сәуір - Қазақстан футбол күні өткен XVII кезектен тыс конференцияда «Алға, Qazaqstan! Вперед, футбол!» жаңа стратегиясы таныстырылды.
Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының алғашқы кеңсесі Сығанақ көшесінде болды. Кейін оң жағалауға, Сарыарқа көшесіне қоныс аударды. Алдағы уақытта Федерация Футбол үйінің есігін айқара ашпақ!