Максим Федин: «Михал Билек қойған талаптар айқын»

Максим Федин: «Михал Билек қойған талаптар айқын»

22 ақпан 2019, 02:36
Молдовамен өткен ойыннан (1:0) кейін Қазақстан Ұлттық құрамасының және қостанайлық «Тобылдың» жартылай қорғаушысы Максим Федин Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметіне арнайы сұхбат берді:

- Барша қазақстандықтарды жеңіспен құттықтаймын! Ойын оңайға түспеді. Жаттықтырушылар штабының матч алдында берген нұсқауын орындауға тырыстық. Бас бапкер Михал Билекпен таныстығымыз аз. Алайда, оның қойған талаптары айқын. Бүгінгі кездесуде жақсы ойын көрсетіп, жеңіске жете алдық.

- Бас бапкердің талабы қандай болды?

- Ойыншыладың арасында алшақтық болмауын сұрады. Қарсыласқа қысым көрсетуді тапсырды. Бір сөзбен айтқанда сенімді ойын көрсету тапсырмасы алға қойылды.

- Жеке ақыл-кеңестер болды ма?

- Жекелей нұсқаулар болмады. Тек командалық ойынды дәріптеді. Қарсыластың қорғанысын бұзу үшін комбинациялық жүйелерді жаттықтырды.

- Молдова құрамасы таңғалдырды ма?

- Молдова – ұйымшыл команда. Бүгінгі ойында олар да жеңіске жетуді көздеді.

- Бүгін Ұлттық құраманың қатарында бірнеше футболшы алғашқы ойындарын өткізді.  Олар қаншалықты өздерін көрсете алды?

- Барлығы жақсы ойнады деп санаймын. Жаңа ойыншылар бар күшін аямай жұмсады. Дмитрий Шомко және Азат Нұрғалиев сынды тәжірибелі футболшылар да қолдау көрсетті деп ойлаймын. Жас ойыншыларға бой үйрету оңай. Өйткені, тәжірибелі футболшылар мен жаттықтырушылар штабы көмектеседі.

Бөлісу

Жаңалықтар

Жоғары