Қазақстан футбол федерациясы Галина Полеваяны қолдап, қайырымдылық матчын өткізді

Қазақстан футбол федерациясы Галина Полеваяны қолдап, қайырымдылық матчын өткізді

24 шілде 2019, 17:00
Нұр-Сұлтан қаласындағы Футбол үйінде қазақстандық спорт журналистикасының зергері Галина Полеваяны қолдау мақсатында қайырымыдылық матчы ұйымдастырылды.

Танымал спорт журналисі Галина Полевая ауыр науқасқа шалдыққан болатын. Оны қолдау үшін жасыл алаңға спорт журналистикасының майталмандары мен қазақстандық футбол ардагерлері алаңға шықты.

БАҚ жұлдыздарының құрамында тележүргізуші Айгүл Мүкей, спорт комментаторлары және дикторлары – Ержан Мұқаш, Сергей Райлян, Ермұхамед Мәулен, Ермек Төренияз, Александр Олейник, Ербол Қайыров, Мұратбек Биманов, Марлен Бейсебаев, спорт журналистері Нұрғазы Сасаев, Айдын Қожахмет, Ардақ Тоғымов, Дания Әбділова және басқалары болды. Сонымен қатар, Галина Полеваяның қызы, анасының журналистикадағы жолын жалғастырған Анастасия Вылегжанина қатысып, допты ойынға қосты.

Футбол ардагерлерінің құрамын ХХ ғасырдағы еліміздің ең үздік футболшысы Сейілда Байшақов, алматылық «Қайрат» футбол клубының аңыздары Құралбек Ордабаев, Юсуп Шадиев, Михаил Гурман, Александр Убыкин, Асқар Әбілдаев, «Астана» футбол клубы мен Қазақстан Ұлттық құрамасының экс-капитаны Қайрат Нұрдәулетов, Ресейдің бірнеше дүркін чемпионы Рәзия Нүркенова, ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожин, ҚКФЛ президенті Олжас Абраев, қазақстандық футболдың ардагерлері Талғат Байсуфинов, Иван Азовский, Игорь Свечников, Қазақстан қыздар құрамасының жаттықтырушысы Орынбасар Дәуренбекова болды.

БАҚ құрамасы ойын басында жылдам екі гол соғып, алға шықты. Алайда, ардагерлер құрамасы үзіліске дейін таразы басын теңестіріп қоймай, алға шығып үлгерді. Екінші таймда журналистер командасы лайықты қарсылық көрсеткенімен, ардагерлер құрамасы жеңіске жетті. Қорытынды есеп – 6:3.

- Қазақстан футбол федерациясының ұжымы ұйым басшысы Әділбек Жақсыбековтің ұсынысын қолдап, ауыр науқаспен күресіп жатқан Галина Полеваяға қолдау көрсету мақсатында республикалық шараға атсалысты. Қазақстандық спортшылар мен жанкүйерлер үшін Галина Полеваяның орны бөлек. Ол ұзақ жылдар бойы Олимпиада ойындары мен басқа да халықаралық жарыстардан қазақстандық спортшылардың жеңістері мен жетістіктері туралы алғаш болып хабарлап отырды. Галина Полеваяның денсаулығы жақсарып, жақын арада арамызға оралады деп үміттенеміз, - деді ҚФФ бас хатшысы Азамат Айтқожин.

Шараны ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті Спорт дирекциясының директоры Елсияр Қанағатов қайырымдылық матчының маңызын атап өтті. Оның айтуынша, журналистер мен спортшылардың қолдауы Галина Полеваяға қосымша күш бермек.

Қайырымдылық матчынан түскен қаражат Галина Полеваяны емдеуге жұмсалады. Танымал спорт шолушысына келесі реквизиттер бойынша қаражат аударуға болады:

Halyk bank (тг): 4390 8722 0191 7707

Kaspi Gold (тг): 5169 4931 6910 9462

Сбербанк ($): 5392 1500 0135 2044.

Бөлісу
Жоғары