«Шахтер» – «Стяуа» матчына байланысты ҚФФ түсініктемесі
Бұл шешім УЕФА Конференция лигасының тәртібіне сәйкес қабылданып отыр. Себебі, Румыния елінде Қазақстан «қызыл» аймаққа еніп, 25 шілдеден бастап короновирусы өршіген ел қатарына жатады екен. Демек, біздің елден Румыния жеріне барған адамдар карантинге жатқызылады деген сөз. УЕФА бізге «Стяуа» клубының өз мемлекетінің билігімен келісімге келе алмағанын растады.
Конференция лигасының Регламентінің 1к жиынтығының талаптарына сәйкес алаң иесеі болып отырған клуб бейтарап алаң тауып, матчын сол жерде өткізуі тиіс. «Шахтер» клубына осыған орай Албания, Кипр, Грекия, Венгрия, Польша және Португалия мемлекеттері ұсынылды. Сонымен қатар, «Шахтер» қарсылас клубпен келісе отырып өзге де елді таңдауына болатын еді. Бұл мәселені тәртіп бойынша 24 шілденің түс мерзіміне дейін шешуі тиіс болатын.
Осыдан кейін «Шахтер» футбол клубы румын клубымен келіссөздер жүргізіп, ойынның өтетін жерін Армения астанасы Ереван қаласы деп бекітті. ҚФФ осы ортада Армения футбол федерациясмен байланысып, аталған матчтың ұйымдастырылуына байланысты көптеген мәселелерді шешті. Армения футбол федерациясы мен «Стяуа» клубының келісімін алып болған соң, «Шахтер» клубы матчтың Ереван қаласындағы Вазген Саргсян атындағы Республикалық стадионда өтетінін жеткізді. УЕФА өз кезегінде бұл матчтың ұйымдастырылуына рұқсатын берді.
Әлбетте, коронавирус пандемиясы УЕФА өткізіп жатқан іс-шаралардың біршамасына өзгертулер енгізіп жатыр. Соңғы кезде 50-ге жуық матч бейтарап алаңдарда ойналды. Олардың қатарында «Манчестер Юнайтед», «Ливерпуль», «Лейпциг» секілді клубтар да бар. «Шахтер» - «Стяуа» матчы Қазақстан футболының тарихында бірінші рет осындай жағдаймен өткелі отыр. Әрі мұндай жағдайға тап болған соңғы матч болсын деп тілейміз.
Қазақстан футбол федерациясы Армения футбол федерациясындағы әріптестеріне Конференция лигасының ойынын ұйымдастыруға көмектескені үшін алғыс айтады. Сондай-ақ, «Шахтер» клубына алдағы ойында сәттілік тілейді! Біз біргеміз! Алға Қазақстан!