Руслан Балтиев: «Жігіттер алаңда барын салды»
– Руслан Тахирұлы, бүгінгі матчта Қазақстан құрамасына не жетіспеді деп ойлайсыз?
– Шынын айтқанда біз қауіпті сәттердің бірлі-жарымын пайдалансақ жетіп жатыр еді. Алайда, қақпаның бағанасы мен маңдайшасы алаң иелеріне жұмыс істеді. Алаң иелері болған соң өзі сондай болады. Армения жылдам гол салып, психологиялық басымдық болды. Енді еңсе тіктей бергенде екінші гол кіріп кетті. Негізі, жеңуге болатын ойын еді.
– Қақпаға 16 соққы жасадық, алайда гол салатын сұрмерген шабуылшымыз жоқ. Ұрымтал сәттерді мүлт жіберуіміздің себебі неде?
– Әрине, өте қиын жағдай. Өзіңіз айтып тұрғандай біз өз мүмкіндіктерімізді пайдалана алмадық. Сәтсіздік болды деп жаба салуға да болар еді. Алайда, менің ойымша кейбір сәттерде шеберлік жетіспеген сияқты.
– Клубта бірге ойнайтын жартылай қорғаушылар негізгі құрамда неге бірге ойнамады. Мысалы, Асхат Тағыберген мен Бауыржан Исламхан.
– Біздің құрамда олардан бөлек жастар да бар. Мұндай матчтарда жастарды шығарып бір тексеріп алғанымыз жөн. Өйткені жолдастық матч сол үшін де керек. Мысалы, бүгін футболшыларға еш сын таға алмаймын. Олар алаңда барын салды. Көп шабуылдап, жеңе алмадық. Ал кейде 2 шабуыл жасап, 2 гол салуға болады. Футбол сонысымен де қызық қой.