Жан Әли Пайруз: «Кейде «мансабымда ұлттық құрамада ойнаймын ба?» деп ойлайтынмын»

Жан Әли Пайруз: «Кейде «мансабымда ұлттық құрамада ойнаймын ба?» деп ойлайтынмын»

28 қараша 2024, 15:40
Жан Әли Пайруз – Қарағанды футболының дарынды шәкірттерінің бірі. Биыл «Елімай» сапында «жасындай жарқылдады». ҚФФ баспасөз қызметіне берген сұхбатында футболға қалай келгені, Еуропада академияда қаралымда болғаны, өзіне деген сенімнің жоғалғаны және Қазақстан құрамасына шақыртылуына не көмектескені туралы айтып берді.

- Жан Әли, футболдағы жолың қалай басталғаны туралы сөйлессек. Футболға қалай келдің?

- Туған жерім - Тараз. Бірақ екі жасымда Қарағандыға көшіп келдік. Бұл жақ әулеттің қара шаңырағы. Футболға да алғаш осында бардым. Бірінші бапкерім Владимир Педора болды. 

Әкем әртүрлі спорт үйірмесіне апарып көрді. Өзі боксшы болғандықтан мүлдем бұл спортқа жолатпады. Есік алдында футбол ойнайтынымды жиі көретін. Бірақ қалада дені дұрыс футбол үйірмесі болмады. Кезінде «Таразда» доп тепкен Владимир Николаевичке апарып, содан бері үйірмеге қабылдады. 

Ақырындап футболға да бейімделдім. Ол кезде мектеп «Рахат» деп аталатын. Қазір атауы «Жастар». Ол жақта 13 жасыма дейін жаттықтым, кейін бүкіл команданы «Шахтерге» алып кетті.

- «Астананың» жастар командасында ойнаған жоқсың ба?

- Иә, белгілі бір себептерге байланысты 15-16 жасымда Астанаға көштім. Дайындық тобында ойнасам да дубльмен бірге жаттығып жүрмін. Өте ауыр кезең болды. Жалғыз тұрдым. Қарағанды алыс емес, ата-анам келіп тұратын. Бірақ сонда да қиын болды. Жөні дұрыс досым болмады. «Доширак» жеп жаттығуға баратынмын. Ал жаттығудан тіке үйге өтетінмін. Қарағандыдан болғандықтан команда да дұрыс қабылдамады. Десе де бапкерім Константин Котовқа алғысымды айтқым келеді. Маған сенім артты. Бір жыл «Астанада» ойнаған соң Қарағандыға қайтуды шештім. Дубльмен жаттығып, өзімді жақсы жағымнан көрсеткеннен кейін келісімшартқа отырдық.

- Бірақ дәл осы жылы «Астана» сапында Жастарөспірімдер Чемпиондар лигасында ойнап үлгердің.

- Иә. Бірақ мен көп ойнай қоймадым. «Бенфикамен» матчта алаңға шығарды. Әрине, айырмашылықты бірден сездім. Ойлау, менталитет, дайындығы, физикасы, шеберлігі - бәрі бөлек деңгейде. Әлі жас ойыншылар болса да, өте жылдам футбол ойнайтын. 

«Астанаға» ауысуыма «Шахтерде» Еуропаға кетуіме кедергі келтіреді деген сыбыс еді. Шын-өтірігін нақты білмеймін. Бірақ өзім Еуропадаға бағымды сынап көргім келді. Ондай мүмкіндік болды да. 15 жасымда «Динамо Загреб» академиясында қаралымнан өттім. Бірақ ол жаққа жетуімнің өзі шытырман оқиға болды. Мәскеу арқылы ұшуым керек еді. Алайда әуежайда ары қарай ұшырмай қойды. Визаны дұрыс жасамағансың деді. Сөйтіп екі апта бойы Мәскеуде өзім жалғыз жаттықтым. 

Загребке келген соң базаға жатқызды. Македония, Сербия, Аустриядан келген ойыншылар болды. Бірінші жаттығуда-ақ спорт залға апарды. Ал мен болсам Қазақстанда ондайды көрмегенмін. Ол жақтағы 15 жастағы балалар үлкен еркек сияқты көрінді. «Темірді» оп-оңай-ақ көтереді. Мен болсам әр жаттығуымда ерік-жігердің арқасында алып шықтым. Бойымдағы бүкіл күшімді залда тастап кеттім. Тіпті, киімімді шешетін жағдайым болмады. Бірден душқа кіріп кеттім. Бұл бір сезімді ешқашан ұмытпаспын. Бәрі кетіп қалған соң тағы 20 минуттай отырдым. Демалдым. Әрең дегенде базаға келсем, кешке ойын болатынын айтты. Ол жақта күнде осындай ритммен жаттығады. Сондықтан болар топ-лигаларда ойнайды.

Уақыт өте келе мен де үйреністім. Өзімді көрсетуге тырыстым. «Интер Запрешич» командасының қақпасына гол соқты. Бірақ «Динамо Загреб» академиясы біздің «Қайрат» секілді елдегі ең мықтыларды ғана жинайды. Негізгі құрамға түсе алмағандықтан тек жаттығу жасайтынымды, ойнамайтынымды айтты. Әрине, мен келіспедім. 

Жақында «Динамо Загреб» құрамын қарап отырып, сол кезде бірге жаттыққан Сандро Куленович пен Дарио Шпикич көріп қалдым. Қазір олар негізгі құрамда доп тебеді. Тіпті, Чемпиондар лигасында гол соғып жүр.

- Әкеңнің мансабың мен өміріңдегі орны жайлы айтып берсең.

- Әкеме мың алғыс! Балалық шағы ауыр өткен. Сегіз ағайынды еді. Өзі кенжесі. Екі жасында шешесіз қалды. Атам балаларын өзі бақты. Сондықтан болар әкем тік мінезді. Бокспен шұғылданған. Бірақ жарақатына байланысты тастап кетті.

Әкем мен үшін бәрін істеді. Сұрағанымды алып берді. Қай форма болмасын тауып әкелетін. Бутсыға ақшасын аямады. Маған бір де бір мәрте дауыс көтермеді. Мұның бәрін бала кезімнен байқап, қатты еркелемеуге тырыстым. Әкем мұның бәрі бос нәрсе емес екенін әрдайым айтып отыратын. 

- «Шахтерде» футболшы ретінде «пістің», жетелдің. Оған қалай жеттің? Неге кейбір бапкерлер саған сенсе, енді біреулері сені ойнатпады?

- Үш жыл бойы тек дубльде ойнадым. Негізгі командаға мүлдем жолатпайтын. Үшінші жылы дубль бапкерлері тарапынан қысым көре бастадым. Өзіме деген сенімсіздік пайда болды. Бірақ 2018 жылы «Шахтерге» Николай Костов келіп, бақылау ойынын кейін Дима Бачека екеуімізді негізгі командаға ауыстырды. Ұзақ уақыт өтпестен дубльге қайтарды. Командаға жүлдеге таласып жатқан кезі еді. Бірақ мен бар кінәні өзіме арттым. Өзімді көп сынайтынмын. Кейін Костов мені қысқы жиынға алып кетті. Біртіндеп құрамға қосып, мақтап тұратын. Өзіме деген сенім қайта оянды. 2019 жылы дебют жасадым. 29 ойында алаңға шықтым. Әр ойында не пас, не гол соғып жүрдым. Костов маған үлкен футболға жол ашты. 

Артынша басқа бапкерлер келді. Мені құрамға қоспай жүрді. Футбол болған соң бәрі болады. Мүмкін дайын болмаған шығармын. Оны енді түсініп жатырмын. 

- Костовтың футболы басқа командалардан ерекшеленетін бе еді?

- Иә, ол кісіден үйренгенім көп. Команда ойыннан ләззат алатын. Сол бір маусымда «Астананы» екі мәрте жеңдік. Еуропа бапкерлерінің менталитеті басқа. Жұмысқа басқаша қарайды. Костов болсын, «Каспийдегі» Благоевич болсын - мықты тұсыңды көрсе, «қолыңды байламайды». Еркіндік береді. Ал біздің кейбір бапкерлер тәуекелге барғысы келмейді. Шектеу қояды. Нәтижені бірінші орынға қойғандықтан қателесуден, жаңылысудан қорқады. Ойыншыны дамытуға, оның дарынын ашуға тырыспайды. Бәрі демеймін, бірақ көп кездестірдім. 

- Жасөспірім мен жастар құрамаларының бәріне шақырылдың. Бірақ ұлттық құрамаға тек биыл жеттің. Бұған клубтық мансабыңдағы өзгерістер әсер етті ме?

- Иә, қазіргі уақыта дейін бір тұрып, бір жығылдым. Бірақ биыл «Елімай» мүмкіндік сыйлады. Қажет деңгейде шығу үшін Instagram-ға салатындай финт жасаудың керегі жоқ екенін түсіндім. Әр ойында алаңға не гол соғу, не нәтижелі пас беру үшін шығуым қажет. Осының арқасында жемісін көрдім. «Көзайым» болу үшін емес, «көздегенім» гол болу үшін ойнаймын.

-  Өзіңді неге асыра бағаладың? Әлде саған солай айтатын ба еді?

- Маған мұны бұрын да айтатытын, бірақ мен.... жай ғана футболды жақсы көремін, одан ләззат аламын. Бала кезден Роналдиньо не Криштианудың финттері көріп өскеннен болар. Ол кезде футбол басқаша еді. Жүздеп гол соқпаса да, ойыннан ләззат алатын. Олардың финттері әрбір баланың қолында жүрген телефонда болатын.

Бірақ қазір бәрі басқаша. Кәсіби футболда финтпен нәтижеге жете алмайсың.

- «Елімайға» қалай келдің?

- Қыста «Тұранның» жиынына барып, келісімшартқа отырайын деп жатқанмын. Бірақ әп-сәтте бәрі бұзылды. Оралхан Өміртаев екеуімізге соңғы сәтте еш себебін түсіндірмей, үйімізге қайтарды. Артынша «Елімайдан» хабарласып, жиынға шақырды. Сосын келісімшартқа қол қойдық. 

«Елімайға» келген күннен бастап ұйымдастыру деңгейін сездім. Бүкіл Қазақстан клубына үлгі деп айтсам артық кетпеспін. «Елімай» барлық тұрғыдан өте сапалы жұмыс істеп жатыр. Ұйымдастыру, маркетинг, жаттығу процесі, жанкүйерлермен жұмыс - бәрі жоғары деңгейде. Мүлдем басқа деңгей! Семей нағыз футбол қаласына айналды. Қазір инфрақұрылымды дамытып жатыр. Манеж бен стадион құрылысы басталды. Егер әрбір қалада осылай футболға көңіл бөлсе, 10 жылдан соң қазақ футболы басқа деңгейге көтеріледі. 

Шындап айтсам, алғаш рет өзімді нағыз футболшы сезіндім. Ештеңеге бас қатырмайсың. Тек футбол ойнасаң болды. 

- Қазақстан құрамасына алғаш шақыртылғанда қандай сезімде болдың?

- Өте керемет сезім. «Тобылға» қарсы ойын қарсаңында Болат Адамбеков (ұлттық құрамалар департаментінің директоры) хабарласып, виза жасату үшін Алматыға ұшып келуім керегін айтты. Әлі кеңейтілген тізім екенін білсем де, өте қуанышты күйде болдым. Артынша нақты тізімге іліндім. Өте бақыттымын. Бұған қоса, әр жастағы құрамаларды ойнадым. Ұлттық құрамаға қолым жетпеді. Кейде «мансабымда ұлттық құрамада ойнаймын ба?» деп ойланатынмын. Тек осы кезде қаншалықты оның құнды екенін түсінесің.

- Словенияға қарсы матчта дебют жасаған соң «тізімге ілінемін деп те ойламадым» деп айттың. Неге бұлай ойладың?

- Аустриямен ойында тізімге ілінбедім. Ал Словенияға қарсы матчта тізімге қосылғанымды көргенімді қуандым. Мұның өзі бір жеңіс. Ойын барысында менің позицияма Скворцов пен Балтабеков шықты. Қосалқы құрамда қаламын деп ойлаймын. Бірақ еш уайым болмады. Алаңға шыққан соң командаға көмектескім келді. Бапкерлер штабына сенімі үшін алғысымды айтамын. 

- Ағылшын тілін жетік білесің. Қалай үйрендің?

- Қызығы, ағылшын тілін оқыған жоқпын. «Астанада» жүргенімде достарым болмағанын айтып едім ғой. Үйде Xbox болатын. Онлайн ойындарды шетелдіктермен көп ойнағаннан болар ағылшынша сөйлеп бастадым. Бір күні ата-анам келіп, ойын ойнап отырып, ағылшынша сөйлегенімді байқап таңғалды. Кейін ағылшынша фильмдер мен сұхбаттарды көріп бастадым. Бірақ әлі күнге дейін грамматиканы дұрыс білмеймін. Ішкі түйсікпен сөйлесемін. Десе де командада болған шетелдік ойыншылар тілді жетік меңгергенімді айтатын. 

- Бос уақытыңда шұғылданатын хоббиің бар ма?

- Бұрын бейнеойындарды көп ойнайтын едім. Бірақ оған көп уақыт жұмсайтынымды, пайдасы жоқ екенін түсіндім. Бұған қоса, шетел классикасын көп оқыдым. Бір кездері тоқтап қалдым. 

Маған әсер еткен кітаптар, олар: менталды тұрғыдан — «Чемпиондар ақыл-ойы» («Разум чемпионов»). Дүниетаным тұрғысынан — «Да Винчи коды» («Код да Винчи»). Өнер тұрғысынан — «Үш жолдас» («Три товарища»), қарапайым ғана оқиға секілді көрінгенімен, дәл осы кітаптан кейін классикалық әдебиетке қызығушылығым оянды.

Бөлісу
Жоғары