ҚФФ мен DUOL футбол инфрақұрылымын дамыту саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қойды

Бұл құжат ҚФФ-ның басым бағыттарының бірі – ел көлемінде сапалы, орнықты және қолжетімді футбол инфрақұрылымын дамыту жолындағы маңызды қадам болып отыр. Тараптар ұзақ мерзімді ынтымақтастыққа ниетті екендерін білдіріп, жаттығу мен жарыс өткізуге қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік беретін озық технологияларды бірлесе енгізуге келісті.
DUOL компаниясы 1992 жылы құрылған және бүгінде үрлемелі және мембраналық құрылымдарды жобалау мен өндіру саласында Еуропадағы жетекші компаниялардың бірі ретінде танылған. 30 жылдан астам тәжірибесі бар компания әлемнің 50-ден астам елінде 2000-нан аса жобаны сәтті жүзеге асырып, спорт, өнеркәсіп және логистика салаларына арналған инновациялық әрі энергия үнемдейтін шешімдер ұсынуда сенімді серіктес ретінде танылып отыр.
Қазақстан нарығында DUOL 1995 жылдан бері жұмыс істейді және бүгінде елдегі үрлемелі спорт нысандары сегментінің 90 пайыздан астамын қамтып отыр. Компания елімізде 50-ден аса спорт нысанын салып, бұқаралық және кәсіби спортты дамытуға елеулі үлес қосып келеді.
DUOL компаниясының Қазақстандағы негізгі серіктестері қатарында Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі, сондай-ақ Алматы, Астана, Тараз және Ақтау қалаларының әкімдіктері бар. Сонымен қатар, DUOL «Қазақмыс», «ҚазМұнайГаз», «Қазцинк» сынды ірі ұлттық өнеркәсіптік корпорациялармен белсенді түрде жұмыс істейді. Компания білім беру саласына да айрықша назар аударады – оның технологиялары Назарбаев Университеті мен Алматыдағы халықаралық QSI мектебінде сәтті қолданылуда.
DUOL компаниясының Қазақстандағы маңызды жобаларының бірі – ҚФФ және УЕФА-мен бірлесіп салынған Астанадағы Ұлттық футбол жаттығу орталығы. Сондай-ақ Сәтбаев қаласында «Қазақмыс» корпорациясына арналған заманауи спорт кешендері бой көтерді. DUOL жүзеге асырған тағы бірқатар ірі жобалар қатарында Алматыдағы жабық мұз аренасы, сондай-ақ Петропавл, Атырау, Тараз, Шымкент, Қызылорда және басқа да қалалардағы футбол және тенниске арналған үрлемелі күмбездер бар.