Әділбек Жақсыбеков: «Қазақстан құрамасы әр кездесуде жақсы ойын көрсетіп жүр»

Әділбек Жақсыбеков: «Қазақстан құрамасы әр кездесуде жақсы ойын көрсетіп жүр»

13 қазан, 01:03
Қазақстан футбол федерациясының Президенті Әділбек Жақсыбеков ұлттық құраманың ойын алдындағы жаттығуын тамашалап, БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді:

- Бельгия құрамасы бірнеше жылдан бері ФИФА рейтингінде үздік командалардың бірі екенін бәріміз жақсы білеміз. Қазіргі таңда олар ұлы футболшыларды тәрбиелеуде. Алдағы ойынның қиын болатыны анық. Алайда, біздің құрама осы іріктеу турнирінің барлық ойынында бар күш-жігерін салып ойнады. Кейде шеберлік жетіспей жатады. Дегенмен, табандылықтың арқасында қарсыластарға төтеп береміз.

- Қазақстан өз алаңында Кипрден ұтылды? Қалай болды?

- Осы сұрақты мен бас бас бапкерден сұрадым. Бірінші таймда гол соғатын сәттер Сан-Мариномен өткен ойыннан да көп болды. Футболшылар сол сәттерді пайдалана алмады.  Екінші тайм мүлдем басқаша өтті. Еуропалық турнирдің топтық кезеңдерінде осал қарсылас жоқ. Кипр құрамасымен алғашқы ойынды тең аяқтадық. Осы уақытқа дейін оларға есе жіберіп жүрген едік.

Ертең Зайнутдинов ойынға қатыса алмайды. Щеткин мен Ерланов та алаңға шықпайды. Азар, Лукаку, де Брейне, Компани сынды ойыншылармен ойнау арқылы біздің футболшылар шеберліктерін шыңдайды. Ішкі чемпионаттың да деңгейі жоғарылап келеді. Жыл сайын еурокубокта ойнайтын «Астана» футбол клубы Еуропаның ең үздік елу командасының қатарына енді. Қазақстандық футбол жылдан жылға алға қарымды қадам жасап келеді. Отандық футбол мен біздің футболшыларға деген сенімім мол.

- Кипрмен ойынға келген жанкүйерлердің саны аз болды...

- 11 мың жанкүйер. Кипрмен ойынға жеткілікті. Кипрде өткен алғашқы ойынға 3 мың жанкүйер жиналды. Ертең толық стадион көреміз деп үміттенемін.

- Бас бапкер Михал Билектің жұмысына көңіліңіз тола ма?

- Өте кәсіби маман. Шеберлігі жоғары футболшылардың жоқтығына қарамастан, жақсы команда жинай алды. Қазақстан құрамасы әр кездесуде жақсы ойын көрсетіп жүр. Ресейме сырт алаңда өткенде кездесуде барлық мамандар оның ойынды ұйымдастыру шеберлігін атап өтті. Өз ісінің нағыз шебері. Көңіліміз толады.

- Билек және Стоилов. Қай бапкердің жетекшілігімен ұлттық құрама жақсы ойнады?

- Станимир жаңа есімдерді шығара бастады. Ал, Михал оның жұмысын жалғастырды. Біздің бапкер ел чемпионатының әр ойынын мұқият қарап, жаңа ойыншыларды іздейді. Жаңа ойыншыларды алаңға шығарудан ешқашан қорықпайды. Осы жұмысты әрі қарай жалғастырса, табысқа жетеді деп ойлаймын.

Бөлісу
Жоғары