Қазақстан жастар құрамасы Еуро-2023 іріктеу кезеңінің кезекті ойынын өткізді

Қазақстан жастар құрамасы Еуро-2023 іріктеу кезеңінің кезекті ойынын өткізді

13 November 2021, 11:16
Шотландияның Данди қаласында өткен ойында алаң иелері жеңіске жетті.

Қазан айында Қарағанды қаласында Түркиямен өткен ойынмен салыстырғанда Қазақстан жастар құрамасының бастапқы құрамында үш өзгеріс болды. Жарақатына байланысты Совет Сағи, ескертулер санының артықтығына байланысты Сұлтан Сағынаев Шотландиямен ойынға қатысқан жоқ. Алғашқы минуттан бастап Александр Широбоков, Дінмұхамед Қараман және Нұрберген Нұрбол ойынға араласты.

Алғашқы минуттарды қос қарсылас қарқынды бастады. Ойынның алғашқы соққысын кездесудің тоғызыншы минутында Қазақстан құрамасы шабуылшысы Абылайхан Жұмабек жасады. Оның соққысы қақпаның қапталын жанай өтті. Шотландия құрамасының алғашқы соққысын «Рейнджерс» жартылай қорғаушысы Стивен Келли жасады. 

Шотландия ширақ шабуылдарының арқасында кездесудің 28-минутында есеп ашты. «Манчестер Сити» академиясының түлегі Льюис Фиорони командаласы Стивен Келлиден пас алып, қорғаушы Широбоковты алдап соғып, Устименко қорғаған қақпаның сол жақ бұрышын дәл көздеді - 1:0.

Екінші таймның басында Шотландия құрамасы есепті еселеді. Алаңның әр жерінен бой көрсеткен Льюис Фиорони шебер пасымен команданың ең тәжірибелі ойыншысы Гленн Миддлтонды қақпашымен бетпе-бет шығарды. Миддлтон біздің қақпашыны тағы да қапы қалдырды - 2:0.

Матчтың 71-минутында Эльхан Астановтың айып алаңына асыра тастаған пасын ұтымды пайдаланған Максим Самородов есеп айырмасын қысқартты - 2:1. 

Қайрат Нұрдәулетов шәкірттері ойынның соңғы минуттарында қарсыластың айып алаңына бірнеше мәрте доп асырған, алайда Шотландия құрамасы есепті сақтап, іріктеу кезеңіндегі алғашқы жеңісіне қол жеткізді. 

 

Шотландия U-21 – Қазақстан U-21 – 2:1 (1:0)

Голдар: Фиорини 28, Миддлтон 56 – Самородов 71

Ескерту: Мебуде 59 – Жұмаханов 19, Самородов 59, Устименко 81, Астанов 82

Шотландия U-21: Мэр, Доиг, Майо, Уэлш (К), Эшби (Барроуз 79), Хай, Фиорини (Клейтон 90), Келли (Уильямсон 79), Миддлтон, Леонард, Мебуде (Бэнкс 79);

Қазақстан U-21: Устименко, Кеңесов (Ткаченко 75), Широбоков, Жұмаханов, Жақсылықов, Скворцов, Нұрбол (Самородов 46), Астанов, Қараман (Бораншиев 63), Сейдахмет, Жұмабек (Тұрлыбек 79);

13.11.2021. Шотландия, Данди, «Тэннадайс Парк». 1,221 жанкүйер.

Share
Up