Еуро-2022. Қазақстан мен Словения сынға түседі

Еуро-2022. Қазақстан мен Словения сынға түседі

20 January 2022, 15:10
Бүгін футзалдан Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионатындағы алғашқы ойынын өткізеді. Қарсылас – Словения құрамасы. Төрт күннен кейін біздің жігіттер Финляндиямен сынға түссе, екі дүркін Еуропа чемпионы Италиямен 28 қаңтарда ойнайды.

Қазақстан құрамасының бас бапкері Рикардо Кака Словениямен өтетін кездесуге қатыспайды. Ковид жұқтырған бапкер карантинде жатып команданың ойынын онлайн басқарады. Оның алаңдағы міндетін Сергей Коридзе атқарады. 

«Біздің команда алға тек үлкен мақсаттар қояды. Еуропа чемпионатында жақсы ойын көрсетіп, нәтижеге қол жеткізуге келдік. Ең бастысы алғашқы ойында жеңіске жету. Словения құрамасының ойыншылары мығым әрі техникалық шеберліктері жоғары. Олармен екі жыл бұрын әлем чемпионатының іріктеу кезеңіне жолығып, әрең жеңіске жеттік. Салмақты қарсылас», - деді ойыналды баспасөз мәслихатында бас бапкердің көмекшісі Сергей Коридзе.

Бас бапкерден бөлек бүгінгі кездесуге бірқатар ойыншылар қатыса алмайды. Дәурен Тұрсағұлов пен Арнольд Кнауб ковид салдарынан ойынға шыға алмайды. Ал, ойыналды жаттығуында жарақат алған қорғаушы Леонардо Мендонка Да Роса үшін Еуропа чемпионаты аяқталды. Қатты тиген доптан оның оң білегі сынған. Жарақаттан толық айығу үшін 6-8 апта қажет. УЕФА ережесі бойынша алғашқы ойынға дейін бір ойыншыны ауыстыруға болады. Бас бапкер оның орнына оқу-жаттығу жиынына толық қатысқан «Атырау» командасының ойыншысы Ерсұлтан Сағындықовты шақырды. Ол келесі кездесуде ғана көмекке келе алады. Шыңғыс Есенаманов пен Альберт Ақбалықовтың да сырқаты бар. Алайда, олар бүгінгі ойынға қатысуы мүмкін. 

«Алғашқы ойын ауыр болмақ. Біз үшін ең маңызды матч. Бірінші кездесуден бастап жақсы ойын көрсеткіміз келеді. Мұндай турнирлерде толқу мен алаңдаушылық бар. Соңғы үш ірі жарыста жартылай финалға дейін жеттік. Енді сол кедергіден өтіп, келесі белесті бағындырғымыз келеді. Финалға шығуды қалаймыз», - дейді ойыналды баспасөз мәслихатына қатысқан Шыңғыс Есенаманов.  

«Қиындықтарға қарамастан турнирде жеңіске жету мақсаты өзгермейді. Біз жолыққан қиындықтарды түсіне білу керек. Сол себепті турнирге стратегиялық тұрғыдан қарау қажет. Барлық кедергілерге қарамастан жауапкершілік маған жүктелген. Дәурен Тұрсағұлов команданың қатарына бүгін қосылды. Ол жарақатынан толық айыққан жоқ. Бүгінгі кездесуге қатыспайды. Сол себепті Нұрбек Қарағұлов, Жомарт Тоқаев және Азат Валиуллин сынды ойыншылардың өздерінің шеберліктерін көрсететін уақыттары келді», - деді бұқаралық ақпарат құралдарымен онлайн-конференция өткізген команданыңбас бапкері Рикардо Кака. 

 

Қазақстан құрамасының ойын кестесі:

20 қаңтар, 22:30. Қазақстан – Словения («Martini Plaza» аренасы)
25 қаңтар, 01:30. Финляндия – Қазақстан («Martini Plaza» аренасы)
28 қаңтар, 22:30. Қазақстан – Италия («Martini Plaza» аренасы)

«QAZSPORT» телеарнасы Еуропа чемпионатындағы Қазақстан құрамасының барлық ойынын тікелей эфирде көрсетеді. 

Share
Up