Әділбек Жақсыбеков: «Еуропа төріндегі әр жеңіс ел абыройын асқақтатып, миллиондаған жанкүйерге мереке сыйлайды»

Әділбек Жақсыбеков: «Еуропа төріндегі әр жеңіс ел абыройын асқақтатып, миллиондаған жанкүйерге мереке сыйлайды»

18 шілде 2018, 20:45
Бүгін түнде «Астана» футбол клубы Черногория чемпионы «Сутьеска» командасымен кездеседі.

Елордалықтар дәстүр бойынша қазақстандық клубтар арасында еурокубок маусымын алғашқы болып бастады. Қазақстан чемпионы көрсететін нәтижеге барлығы тәуелді болмақ. Ең алдымен «Астана» жеңісі көңіл-күйге әсер етеді. Елордалық ұжымның жеңісі Еуропа Лигасына қатысатын отандық клубтарға қосымша күш бермек.

«Астана Аренадағы» ойын «Сутьеска» командасының мықты қарсылас екенін байқатты. Балқан түбегінде әрқашан техникалық және комбинациялық ойынды алға қоятыны белгілі. Алайда, Еуропада тәжірибе жинаған «Астана» қарсыластарымен қалай ойнау керек екенін біледі.

«Астанадан» кейін Еуропа Лигасының іріктеу кезеңіндегі қарымта кездесулерін алматылық «Қайрат», қостанайлық «Тобыл» және павлодарлық «Ертіс» өткізеді.

Алматылықтар сырт алаңда андорралық «Энгордани» командасын айқын ұтты. Сапардың ұзақ болғанына қарамастан «Қайрат» футболшылары жасыл алаңда толықтай басымдыққа ие болып, жеңіске жетті. Еурокубок жарыстарында алға үлкен мақсат қоятын алматылықтар қарымта кездесуде де жеңісті жалғастыратынына сенім мол.

Грузияда ойнаған қостанайлық «Тобыл» жергілікті «Самтредиа» командасынан жеңісті соңғы секундта жұлып алды. Қостанайда өтетін қарымта кездесу нағыз футбол мерекесіне айналмақ. Өйткені, осы өңірдің командасы ұзақ уақыттан бері халықаралық жарыстардан тыс қалып, жанкүйерлер еурокубок тартыстарын сағынып қалған болатын. Қарсылас алаң иелерінің жоспарын бұзуға күш салатыны анық. Алайда, команда көшбасшылары мен жаттықтырушылар штабының тәжірибесі, сонымен қатар жергілікті жанкүйерлердің қызу қолдауы «Тобылдың» табысқа кенелуіне үлес қосуы тиіс.

Еуропа Лигасының алғашқы ойынында сырт алаңда Литваның «Тракайымен» тең түскен павлодарлық «Ертістен» де қарымта кездесуде жанкүйерлер жақсы нәтиже күтеді. Қарсыластың қатарында шеберлігі жоғары футболшылар бар. Алайда, «Ертіс» ойыншылары Павлодар өлкесінің футбол таланттарына бай екенін тағы бір мәрте дәлелдеуі шарт. Тоқсан минут бойы тыным таппай қолдау көрсететін жанкүйерлері бар «Ертіске» қарсы тұру литвалық ұжым үшін қиынға түспек.

Қазақстан футбол федерациясы мен барша футбол жанашырларының атынан еурокубок турнирінде ел намысын қорғайтын қазақстандық командалардың барлығына табыс тілеймін! Еуропа төріндегі әр жеңіс ел абыройын асқақтатып, миллиондаған жанкүйерге мереке сыйлайды!"

 

Қазақстан футбол федерациясының Президенті                  Әділбек Жақсыбеков

Бөлісу
Жоғары