Сергей Кенетаев: «Жаңартылған ойын ережесі Қазақстанда 2020 жылы күшіне енеді»
- 2019 жылдың жазынан бастап футбол ережесін өзгерістер күтіп тұр. Бұл туралы ақпарат қазақстандық және ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарының беттерінде жарияланған болатын. Өзгерістің бұл кезеңі әзірге тек еуропалық клубтық турнирлерге қатысатын командаларға қатысты болмақ.
Қазақстан Чемпионаты, Бірінші, Екінші лига біріншіліктері және Қазақстан футбол федерациясы ұйымдастыратын барлық жарыстарда маусым аяқталғанға дейін соңғы ойын ережесі сақталады. Өзгерістер ойын жылдамдығын сақтап, үзілістердің санын азайту мақсатында енгізіліп отыр.
Біздің чемпионат «көктем-күз» жүйесі арқылы өтеді. Сол себепті қазақстандық төрешілер 2020 жылдан бастап ішкі чемпионатта жаңа ережемен төрелік етеді. Ал, «күз-көктем» жүйесінде ойнайтын елдердің чемпионаттары үшін жаңа ереже 2019 жылдың шілдесінен бастап күшіне енеді.
УЕФА мен ФИФА жаңартылған ойын ережесінің баяндалуын әрі қарай толықтырады. Олардың кеңестері төрешілердің қызметінде қолданылады. Ойын ережесін біздің клубтарға түсіндіру үшін төрешілер және инспекторлардың қатысуымен семинарлар ұйымдастырамыз.
Халықаралық турнирде қызмет атқаратын қазақстандық төрешілер жаңа ойын ережесін жаздан бастап қолданады.