Қарсыласты таныстыру: Шотландия құрамасы

Қарсыласты таныстыру: Шотландия құрамасы

19 наурыз 2019, 11:44
Қазақстан Ұлттық құрамасы 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінің алғашқы ойынын Шотландиямен өткізеді. Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі Алекс Маклиш командасын жанкүйерлерге таныстыруды жөн көрді.

Шотландия құрамасы ешқашан әлем үздіктерінің қатарында болмаған. «Тау халқының» командасында әр жылдары мықты ойыншылар болғанымен, трофей бұйырмады. Қазіргі таңда Шотландия құрамасы - Англияның Премьер-лигасымен Чемпионшип турнирлерінде ойнайтын футболшылардан құралған мықты ұжым.

Ұлттар Лигасының ойындарына қатысқан команданың орта жасы – 27. Шотландия құрамасының ойынында ағылшын футболының рухы сезіледі. Жылдам шабуыл, қос қапталдағы футболшылардың белсенділігі, жоғары прессинг және тоқсан минут бойы ойын ырғағы жоғары қарқында сақтау. Мұның барлығын Шотландия құрамасының бас бапкері Алекс Маклиш енгізіп отыр.

Шотландия құрамасының негізгі қақпашысы 37 жастағы Аллан Макгрегор «Халл Сити» және «Кардифф» командаларының қақпаларын күзеткен. Қақпашыбүгінде Глазгоның «Рейнджрес» командасының намысын қорғайды. Шотландия құрамасының қазіргі футболшыларының арасында Аллан ойын саны бойынша алғашқы үштікте тұр. Ол ұлттық құрама жейдесімен 40 рет жасыл алаңға шыққан. Алайда, Аллан Қазақстанмен ойын алдында халықаралық аренада спорттық мансабын аяқтайтынын жариялады.

«Тартан әскерлерінің» қорғанысында 24 жастағы сол жақ қорғаушы Эндрю Робертсон тұлғасы ерекшеленеді. Жастығына қарамастан ұлттық құраманың капитандық міндетін абыроймен атқарып жүр. Робертсон жұлдызы кездейсоқ жарқ етті. Бір жарым жыл бұрын «Халл Сити» қатарында доп теуіп жүрген футболшыны қалың жұрт біле бермейтін. Алайда, «Ливерпуль» командасына ауысып, 2017/18 жылғы маусымды тұрақты өткізіп шыққаннан кейін оның карьерасы шарықтай түсті. Эндрю Робертсон бүгінде «мерсисайдтықтар» қатарында негізгі ойыншылардың бірі саналады. Англия чемпионаты мен Чемпиондар лигасында топ жару үшін өз командасына қол ұшын беруде.

Сонымен қатар, Шотландия құрамасында Скот Маккенн, Дэвид Бейтс және Киран Тирни сынды мықты футболшылар бар.

Алекс Маклиш орталық жартылай қорғанысты «Саутгемптонның» 26 жастағы  ойыншысы Стюарт Армстронгке, «Астон Вилланың» 24 жасар футболшысы Джон Макгинн және 30 жастағы Кевин Макдональдге сеніп тапсырады. «Манчестер Юнайтед» сапындағы 22 жастағы Скотт Мактоминей әзірге негізгі ойыншыларды алмастырып жүр. Алайда, оның ұлттық құрама мен «Манчестер Юнайтед» қатарында жаңа Даррен Флетчер атанатын күні алыс емес.

Қарсыластың қақпасын көздеуді мақсат қоятын «Селтик» ойыншысы 27 жастағы Джеймс Форрест техникалық шеберлігімен ерекшеленеді. Оның ойынын қарап, футболшының ағылшын Премьер-лигасына қалай ауыспай жүргеніне таңғалуға болады. УЕФА Ұлттар Лигасында Форрест Шотландия құрамасының ең шешуші ойыншысы болды. Гол соғумен шектелмей, нәтижелі пастарды үлестіру арқылы командасының көп ұпай жинауына көмектесті. Оның кенеттен қабылдаған шешімдері мен екінші екпінмен шабуылға араласқан сәттері қарсылас қорғаушыларын ұдайы жаңылыстырды.

Мығым денелі «Борнмут» хавбэгі Райан Фрейзер де - негізгі құрамның ойыншысы. Фрейзер сол қапталда ойнайды. Сонымен қатар, сол жақ шабуылшы міндетін де атқара алады. «Борнмуттың» сол қапталын жандандыратын футболшының жылдамдығы мен дриблингі кез келген қорғаушыны сан соқтырады. Оның басты ерекшелігі – маңызды голдарды соғу және нәтижелі пас шығару. Биыл ағылшын Премьер-лигасында 5 рет көзге түсіп, 9 рет командаластарының гол соғуына жағдай жасады. Керемет көрсеткіш емес пе?

Ұлттар Лигасында құрамада негізгі екі шабуылшы болды. Стивен Флетчер және Стивен Нейсмит. Флетчер – өте тәжірибелі шабуылшы. Ол Англияның «Сандерленд», «Вулверхэмптон», «Бернли» және Францияның «Марсель» клубтарында ойнаған. Қазір «Шеффилд Уэнсдей» командасында доп тебеді. Нейсмит те тәжірибесі мол кәсіби шабуылшы. Алайда, ол жарақатына байланысты алдағы ойындарға қатыса алмайды.

Ең көп ойын өткізген футболшы - Крэйг Гордон

Шотландия құрамасының қазіргі тізімінде ең тәжірибелі футболшы – 36 жастағы қақпашы Крейг Гордон. Ол екінші қақпашы міндетін атқарып жүр. Гордон ұлттық құрамада алғаш рет 2004 жылдың мамыр айында алаңға шығып, жалпы саны 54 матч өткізді.

Ең көп гол соққан футболшы - Стивен Флетчер

31 жастағы Стивен Флетчер отыз үш ойында 10 дәлдік танытқан. Сұрмергендер тізіміндеоның ізін басып келе жатқан ойыншы Стивен Нейсмит – 9 гол. Әрі қарай жеті голмен «Вест Хэм» жартылай Роберт Снодграсс орналасқан.

Бөлісу
Жоғары