Михал Билек: «Бельгия құрамасының деңгейі жоғары екені белгілі»

Михал Билек: «Бельгия құрамасының деңгейі жоғары екені белгілі»

12 қазан 2019, 20:18
Қазақстан Ұлттық құрамасының бас бапкері Михал Билек Бельгиямен өтетін ойын алдында баспасөз мәслихатына қатысып, журналистердің сауалдарына жауап берді.

— Кипрмен өткен кездесуде ұпайды уыстан шығарып алдық. Біздің қателігімізді пайдаланған қарсыласымыз жеңіске жетті. Келесі қарсыласымыз Бельгия құрамасының деңгейі жоғары екені белгілі. Оң нәтижеге қол жеткізу үшін алаңға шығамыз.

— Ескертулердің санының артықтығына байланысты алаңға шықпайтын Исламбек Қуатты кім алмастырады?

— Негізгі құрамда алаңға шығатын футболшыларды ертең жариялаймыз. Исламбек Қуат қатыса алмайды. Сонымен қатар, Темірлан Ерланов сырқаттанып қалды.

— Бельгия құрамасы 2020 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу кезеңінде алға қойған тапсырмасын орындап қойды. Бұл жағдай біздің командаға көмек бола ма?

— Бельгия құрамасының бірнеше көшбасшы футболшылары ойынға қатыспайтынын білемін. Алайда, біздің қарсыластар іріктеу кезеңінің барлық ұпайын жинауды мақсат етіп отыр. Бельгия құрамасының кез келген позициясында шебер ойыншы бар екенін ұмытпаған абзал. Ойынға тыңнан араласатын футболшылар да күш қоса алады. 

— Біздің құраманың қатарында шабуылшылар аз. Шабуылда ойнайтын футболшылардың ішінде кімнің ойынын атап өтер едіңіз?

— Оқу-жаттығу жиыны басталмай тұрып, шабуылда проблема бар екенін байқадық. Алексей Щеткин мен Абат Айымбетов жарақат алды. Сергей Хижниченко ұзақ уақыт ойнамады. Алайда, оның ойыны Щеткинге ұқсас. Қазақстан Чемпионатында гол соғып, жақсы қырынан көзге түсетін ойыншыларға ұлттық құраманың есігі әрдайым ашық.

— Кипрмен өткен ойында Ян Вороговский сылбыр ойнады. Еурокубок ойындарында тәжірибесі бар Абзал Бейсебеков оның орнын баса алатын шығар?

— Кипрмен өткен ойында Ян Вороговский ойын қаһарманы атанар еді. Екінші голға қатысты оның да кінәсі бар. Ол ең жақсы ойынын көрсете алмады. Негізгі құрамның ойыншыларын уақытын бұрын хабарлаған дұрыс емес.

Бөлісу
Жоғары