УЕФА GROW семинары аяқталды
Елордада екі күнге созылған жиынға 8 елдің футбол федерацияларының өкілдері бас қосты. Олардың арасында Әзірбайжан, Армения, Беларусь, Молдова, Ресей, Украина және Чехия бар. Қазақстан футбол федерациясының Маркетинг және PR қызметі, әйелдер және бұқаралық футбол департаменттерінің қызметкерлері мен Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасының маркетинг мамандары да семинарға қатысты.
Семинардың алғашқы күні УЕФА ұлттық қауымдастықтар департаментінің бизнесті дамыту бойынша менеджері Олександр Кучерявый, УЕФА ұлттық қауымдастықтар департаментінің бизнесті дамыту бойынша үйлестірушісі Полли Банкрофт және УЕФА GROW сарапшысы Сиссель Гинннилд Хартли баяндама жасады. УЕФА өкілдері Шығыс Еуропа елдерінің қауымдастықтарына арналған әйелдер футболын дамыту жолындағы стратегиялық бағыттарды айқындады.
Екінші күні де қатысушыларға пайдалы мағлұматтар айтылды. Көрші елдің қатысушылары жобаларын таныстырып, жұмыс тәжірибелерімен бөлісті.
Александр Алейник, Беларусь футбол федерациясы, Маркетинг және коммуникация департаментінің қызметкері:
- УЕФА GROW семинары пайдалы. Өйткені, қатысушылардың саны аса көп емес. Олардың мәселелері де ұқсас. Әр федерацияның тәжірибесі бар. Семинарда қордаланған мәселелердің қызықты шешімдері де айтылды.
Нармин Әлиева, Әзірбайжан футбол федерациясы қауымдастығының қызметкері:
- Қазақстан футбол федерациясына алғыс айтамын. Жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Әйелдер футболының проблемаларын талқылап, олардың шешу жолдарын қарастырдық. Ішкі чемпионаттың ойындарында стадионға жанкүйерлер жинау тақырыбы да қозғалды.
Шара соңында семинарға қатысушылар мен УЕФА қонақтары Қазақстан футбол федерациясының ғимаратын аралады. Келесі УЕФА GROW семинары 2020 жылдың көктемінде Минскі қаласында өтеді.