Александр Фамильцев: «Біздің футболшылардың жылдамдығы төмен»
- Александр Михайлович, жасөспірімдер құрамасына селекция қалай жүргізілді?
- Көмекшім Игорь Свечников екеуміз Тараз қаласында өткен екі турнирдің ойындарын тамашаладық. Маусым басында үміткерлер қатысқан ойындардың барлығына қатыстық. Нұр-Сұлтан қаласында өткен ойындарды да қалт жібермедік. Турнир алдында 19 жасқа дейінгі ең мықты жасөспірім футболшыларды жинап алдық деп ойлаймын.
- 18-19 жастағы біздің футболшылар еуропалық қарсыластарына қай жағынан есе жібереді?
- Ең алдымен, ойлау қабілеті. Біздің футболшылардың техникалық шеберлішгі жаман емес. Алайда, ойлау жылдамдығы бойынша Еуропа елдерінің қарсыластарынан қалыс қалып тұрмыз. Өкінішке қарай, біздің футболшылар ойнайтын Бірінші және Екінші лиганың жылдамдығы мен деңгейі жоғары емес. Ойын ырғағы мен қарқыны бойынша да қарсыластар тұр. Еуропада ойнайтын футболшылардың дене даярлығы да жоғары.
- Қазақстан U-19 құрамасында ұлттық құраманың деңгейіне шыға алатын ойыншылар бар ма?
- Әрине, талантты ойыншылардың бар екені жасырын емес. Ең бастысы еңбекқорлығының арқасында ұлттық құрамаға көтеріледі деп санаймын.
- Қазақстан мен Ресейде ойнап, екі елдің де бапкерлік қызметінде тәжірибеңіз бар. Еуразиялық экономикалық қауымдастық елдерінің футболшылары келесі маусымда елімізде легионер саналмайды. Біздің жасөспірімдерге Ресей академияларынан сұраныс түсе деп ойлайсыз ба? Жас футболшылардың өзге елге ерте барғаны қаншалықты дұрыс?
- Елімізде жас футболшылар бар. Батыл шешім қабылдай алатындары Ресейге барады деп ойлаймын. Ең мықты академияларға жастайынан барған дұрыс. Сапалы дайындықтың арқасында Қазақстан құрамасына көмектесе алады.