Ардагерлер арасында тартысты турнир өтті

Ардагерлер арасында тартысты турнир өтті

24 тамыз 2021, 20:22
Футбол таланттарының отаны Тараз қаласында ардагерлер арасында ірі жарыс өтті.

Жарысты ұйымдастырған қала әкімшілігі мен Қазақстанның ардагерлер лигасының өкілдері осылайша ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына құрмет көрсетті. Жарыс екі жас санаты бойынша өтті. 40 жастан жоғары жас санатында Байзақ ауданының командасы топ жарды. Екінші орын "Қазалы" командасына бұйырса, үздік үштікті Шымкент қаласынан келген "Құлагерстартстрой" командасы түйіндеді. Осы жас санатында "үздік қақпашы" марапатын "Ақмола-Көкшетау" командасының өкілі Евгений Волков иемденді. "Құлагерстартстрой" командасының қорғаушысы Ержан Бейсенов тасқамал қорғаушы екенін дәлелдеді. Байзақ ауданының атынан келген команданың ойыншысы Досан Әлібаев жарыстың "үздік ойыншысы" атанды. Ал қырықында қамал бұзған Ерлан Құрманов турнирдің үздік шабуылшысы марапатын алды. "Құлагерстартстрой" командасының футболшысы Нұрлан Ибрагимов 40 жастан асқандар арасындағы жарыстың "үздік сұрмергені" атанды. 

Елу жылда ел жаңа демекші, елуден асқан ел ағаларының арасындағы сайыс та қызыққа толы болды. Мұнда "Динамо" Шымкент командасы топ жарып, Алматыдан келген "Мамай" командасын екінші орынға тастады. Ал үшінші, жүлделі орынды Талдықорғаннан келген "Жетісу" командасы еншіледі. Дәл осы команданың мүшесі Дәулет Имандосов "үздік қақпашы" номинациясын жеңді. Әділхан Арғынбаев "Динамо" Шымкент командасының жеңіске жетуіне зор септігін тигізгендіктен "үздік қорғаушы" атанды. Жер жәннаты Жетісудан келген Қайрат Әбдірахманов "үздік ойыншы" атанса, "үздік шабуылшы" марапатын Қазбек Әлиқұлов иемденді. "Динамо" Шымкент командасының адуынды шабуылшысы Нұрлан Қарабаев доданың үздік сұрмергені атанды. 

Айта кетуіміз керек жарыстың ұйымдастыруына зор септігін тигізген Инаят Қырықбаев мұндай жарыстың бірінші рет ұйымдастырылғанын айтады. Алдағы уақытта ардагерлер сайысы тағы да өткізіледі дейді ол. Марапаттау рәсіміне қазақ футболының аңызы Сейілдә Байшақовтың да келгенін айта кетейік.  

Бөлісу
Жоғары