Шағын футболдан Қазақстан құрамасы Кишиневте өткен Еуропа чемпионатында жеңімпаз атанды

Шағын футболдан Қазақстан құрамасы Кишиневте өткен Еуропа чемпионатында жеңімпаз атанды

03 сәуір 2023, 23:41
Молдова астанасында «6х6» форматында шағын футболдан алғаш рет «Socca EuroCup» халықаралық турнирі өтті. 

Қазақстандық футболшылар финалда Румыния құрамасын буллит сериясында 2:1 есебімен ұтты. Ойынның негізгі уақыты 3:3 есебімен тең аяқталған болатын. Бұған дейін Қазақстан құрамасы топта Хорватия (0:0) және Францияға (2:1) қарсы екі ойын өткізді. Ал жартылай финалда біздің спортшылар Венгрияны ұтты – 4:1.

«Қазақстан футбол федерациясының ұжымының атынан шағын футболдан халықаралық аренада еліміздің намысын қорғап, жарыстың алтын жүлдесін жеңіп алған команданың ойыншыларын, бапкерлерін және қызметкерлерін құттықтағым келеді. Турнир бойы Қазақстанда футболдың бір орында тұрмай, дамып келе жатқанын дәлелдей алдыңыздар. Біздің футбол барлық бағытта дамып, халықаралық аренада бәсекелестікке төтеп беріп келеді. Команда мен оның демеушілеріне атқарылған істер үшін алғыс білдіремін. Әрі қарай еңбектеріңізге табыс тілеймін, жеңісті күндеріңіз жалғаса берсін!», – деді ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов.

Сокка – «6х6» форматында шағын футболдан әуесқойлар арасында өтетін жарыс түрі. Спорттың бұл түрінде ойыннан тыс қалудан басқа футболдың ережелері стандарты қолданылады.

Бөлісу
Жоғары