Астанада «Былғары доп» ұлттық мектеп лигасының ашылуы өтті
Қазақстан футболы күніне және отандық футболдың 110 жылдығына арналған іс-шара футбол үйінің манежінде өтті. Оған Қазақстан футбол федерациясының президенті – Әділет Барменқұлов, УЕФА бұқаралық футбол комитетінің мүшесі – Диана Булгару, УЕФА-ның бұқаралық футбол бойынша тәлімгері – Лесли Хоуи, ҚР Білім министрлігінің «Ұлттық ғылыми-практикалық дене шынықтыру даярлығы орталығының» бас директоры – Сағдат Садықов, сондай-ақ Қазақстан ұлттық құрамасының футболшылары - Абат Айымбетов және Аслан Дарабаев қатысты.
Турнирдің соңғы кезеңіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен 14 команда қатысады. Айта кетейік, ұлттық мектеп лигасының іріктеу матчтары өткен жылдың күзінде өтті, оған 7000-нан астам мектеп қатысты.
Құттықтау сөз ҚФФ президенті Әділет Барменқұловқа берілді. Федерация басшысы мектеп лигасын өткізудің маңыздылығын айтты.
«Бірінші кезекте, баршаңызды Қазақстан футболы күнімен құттықтаймын! Мектеп лигасының ашылуы – еліміздің футбол болашағының негізі. Сондай-ақ, білім министріне балалар мен жасөспірімдер және бұқаралық футболды насихаттау жұмыстарын қолдағаны үшін алғыс айтамын»- деп ҚФФ президенті Әділет Барменқұлов атап өтті.
«Болашақта әлемдік аренада балалар өз ойындарымен және нәтижелерімен қуантатынына сенімдімін, ал еліміз сіздермен мақтанатын болады. ҚР Білім Министрінің атынан Сіздерді Қазақстан футболы күнімен, сондай-ақ бүгінгі турнирдің салтанатты ашылуымен құттықтағым келеді. Баршаңызға жарқын болашақ тілеймін. Әрқашан ата-аналарыңыз бен ұстаздарыңызды қуанта беріңіздер. Жолдарыңыз ашық болсын, қымбатты достар»,- деді Сағдат Садықов.
Іс-шара соңында қатысушы командалар ҚФФ-дан естелік сыйлықтар алып, Қазақстан ұлттық құрамасының футболшыларымен суретке түсті.