Олжас Абраев УЕФА Суперкубогы үшін өтетін «Манчестер Сити» – «Севилья» ойынына делегат болып тағайындалды
Ойын 16 тамыздан 17 тамызға қараған түні Астана уақытымен 01:00-де өтеді. Матчты Пирейдегі (Грекия) «Георгиос Караискакис» стадионы қабылдайды.
Олжас Абраев – Қазақстан футбол федерациясының бірінші вице-президенті. 2013 жылдан бері УЕФА матчтарының делегаты, ал 2016 жылдан ФИФА матчтарының комиссары. Осы жылдар ішінде ол УЕФА-ның футзал және жағажай футболы комитеті және Маркетинг бойынша консультативтік комитетінің мүшесі болды. Қазіргі уақытта ол УЕФА ойыншы мәртебесі, трансфер, агенттер және матч агенттері комитетінің мүшесі.
УЕФА Суперкубогы үшін ойынды Франсуа Летесье бастаған Франциядан келген төрешілер тобы басқарады. Оған Сириль Мюнье және Меди Рамуни көмектеседі. УЕФА төрешілер корпусының басшысы Роберто Розетти (Италия) төрешілер бақылаушысы болып тағайындалды.
Естеріңізге сала кетейік, УЕФА делегаты ойындарда ұйымның ресми өкілі ретінде қызмет атқарады. Делегат матч алдында ұйымдастыру жиналыстарына төрағалық етеді, кездесудің тәртіпті ұйымдастырылуын, жарыс және тәртіп ережелерінің сақталуын, матчтың алдында, ойын кезінде және одан кейін стадионда және одан тыс жерде қауіпсіздік және тәртіп ережелерін сақтауды қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, делегат оның талабы бойынша УЕФА әкімшілігіне матчқа дайындық туралы есеп береді және қажет болған жағдайда турнирдің ұйымдастырылу деңгейін бағалау үшін турнир алдында объектке барады.